Қазақстанға Халықаралық электр байланысы одағының (ХЭБО) Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин ресми сапармен келді. Бұл оның елімізге ұйым басшысы ретіндегі алғашқы сапары. Қазақстанды сапар бағыты ретінде таңдауы еліміздің цифрлық саласындағы маңызын және сенімді серіктес ретіндегі рөлін көрсетеді. Бұл оқиға еліміздің телекоммуникация саласы үшін тарихи мәнге ие болды.
1865 жылы құрылған ХЭБО радиожиілік спектрі мен спутниктік орбиталарды жаһандық деңгейде үйлестіреді, халықаралық технологиялық стандарттарды бекітеді, әмбебап қосылу мен цифрлық қызметтердің дамуына ықпал етеді және шалғайдағы елді мекендерді қоса алғанда, бүкіл қоғамдастықтардың орнықты цифрлық трансформацияның игілігін көруіне жағдай жасайды.
Қазіргі заманды тұрақты байланыссыз елестету мүмкін емес: ақпаратты бір сәтте таратып, әлемнің кез келген нүктесінде онлайн болу бірыңғай хаттамалар мен халықаралық келісімдерге негізделген. Осы күрделі әрі үйлесімді жаһандық жүйенің тұрақты жұмыс істеуін ХЭБО қамтамасыз етеді.
Сапардың негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесу болды. Кездесу барысында цифрлық және телекоммуникациялық технологиялар саласындағы Қазақстан мен ХЭБО арасындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды. Мемлекет басшысы Дорин Богдан-Мартинді ұйымның 160 жылдық мерейтойымен құттықтап, цифрлық даму саласындағы жаһандық әріптестікті нығайтудағы ХЭБО-ның маңызды рөлін атап өтті. Президент заманауи цифрлық экожүйе мен инфрақұрылымды қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударып, Қазақстанның төмен орбиталы спутниктік жобаларға белсенді қатысып жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде Дорин Богдан-Мартин Қазақстанның цифрлық индустриясын дамыту және жасанды интеллект технологияларын енгізу бағытындағы күш-жігерін жоғары бағалап, әріптестікті тереңдетуге және бірлескен бастамаларды кеңейтуге дайын екенін білдірді.
Сапар бағдарламасы аясында Бас хатшы Digital Bridge 2025 халықаралық форумының көрме павильонын аралап, елімізде іске асырылып жатқан негізгі цифрлық жобалар мен бастамалармен танысты. Сондай-ақ, Women in Tech Kazakhstan ұйымының өкілдерімен кездесіп, цифрлық экономикадағы әйелдердің рөлі мен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Бұдан бөлек, ол Назарбаев Университетінің студенттерімен кездесіп, Ұлттық ғарыш орталығына барып, еліміздегі ғарыш және спутниктік технологиялардың дамуымен танысты.
Дорин Богдан-Мартиннің бұл сапары Қазақстан мен Халықаралық электр байланысы одағы арасындағы тығыз ынтымақтастықтың және телекоммуникация мен цифрлық технологиялар саласындағы серіктестікті дамытуға деген ортақ ниеттің айқын дәлелі болды.