Астанада өтіп жатқан Digital Bridge 2025 форумы аясында «Digital Regions: IT-инновацияның жаңа орталықтары» панельдік сессиясы өтті.
Онда Батыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының басшысы Ораз Нұрділдә өңірде жасанды интеллект саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
«Жаһандану мен цифрлық трансформация жағдайында халықаралық компаниялармен, инвесторлармен, платформалармен және білім беру экожүйелерімен тиімді әріптестік орнату өте маңызды. Мұндай тәжірибе жергілікті құзыреттерді күшейтіп, ресурстарға қол жеткізуге жол ашады әрі елдің әлемдік аренада сенімді серіктес ретіндегі имиджін қалыптастырады деп есептеймін. Осы бағытта біздің өңірде Netcracker компаниясы жұмыс істей бастады. Бұл - байланыс қызметін жеткізушілерге арналған бағдарламалық қамтамасыз ету әзірлейтін халықаралық компания. 30 жылдан астам тарихы бар компанияның бас кеңсесі АҚШ-тың Массачусетс штатында орналасқан. Қазақстанда Netcracker 2022 жылдан бері Алматы және Орал қалаларында жұмыс істейді», - деді ол.
Компания Қазақстандағы ІТ-экспорты бойынша ТОП-3-ке кіреді, сондай-ақ «Astana Hub» халықаралық корпоративтік қорының қатысушысы. Орал қаласында жүздеген жоғары технологиялық жұмыс орындары құрылып, жас мамандар үшін қолайлы жағдай жасалды. Соңғы үш жылда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың 100 студенті осы компанияда тәжірибеден өтіп, оның 10-ы тұрақты жұмысқа орналасты.
Сонымен қатар, жоғары оқу орындарымен бірлескен бағдарламалар жүзеге асырылуда, инвесторлардың қажеттіліктеріне сай кадрлар даярлануда. Бизнес өкілдерімен тікелей диалог ұйымдастырылып, тұрақты кездесулер мен ІТ-кәсіпкерлік жөніндегі кеңестер өткізіліп келеді.
Ораз Нұрділдә өңірдің цифрландыру саласындағы жобаларына да тоқталды:
«Бұл мысалдар цифрлық жобалардың тиімділігін көрсетеді. Орал қаласы Smart City жобаларын іске асыру бойынша республикадағы үздік 5 қаланың қатарына кіреді», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, соңғы сегіз жылда Қазақстан білім, акселерация, салықтық ынталандыру, институционалдық орта және халықаралық инфрақұрылымды біріктіре отырып, өңірдегі ең серпінді стартап-экожүйелердің бірін қалыптастырды. Бүгінде елде ауқымды білім беру бағдарламаларынан және акселераторлардан бастап венчурлік құралдар мен халықаралық хабтар желісіне дейін өсуге қажетті кешенді база бар.
Astana Hub-қа 1700-ден астам, оның ішінде шетелдік қатысумен 450-ден астам IT-компания тіркелген. Кампуста 200 мың шаршы метр кеңселер, зертханалар мен коворкингтер, 250-ден астам жұмыс алаңы және 100 орындық коливинг сынды бірегей инфрақұрылым құрылған. Мұнда 1300-ден астам компания жұмыс істеп, инновациялар мен ынтымақтастықтың экспоненциалды кластерін қалыптастыруда.
Қазақстандық стартаптар қазірдің өзінде әсерлі нәтижелер көрсетуде: экспорт көлемін ұлғайтып, ондаған миллион доллар инвестиция тартып, жаһандық алаңдарда өздерін танытып жүр. Жасанды интеллект министрлігінің жоспарына сәйкес, 2030 жылға қарай елде кемінде бес «жалғызмүйіз» мәртебесін алған компания пайда болуы тиіс.
Естеріңізге сала кетейік, іс-шара Generative Nation тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл – Қазақстанның жаңа технологияларға негізделген білімді қоғам құруға және адам капиталын дамытуға бағытталған стратегиялық ұстанымының айғағы.
Биылғы форум серіктестер мен демеушілердің қолдауының арқасында ұйымдастырылды. Барлық шығындар демеушілік қаражат есебінен жабылды. Форумның бас серіктесі – Freedom Bank Kazakhstan. Алтын серіктестер – Kaspi.kz, Yandex Qazaqstan және «Қазақтелеком» АҚ. Күміс серіктес – «Транстелеком» АҚ. Қола серіктестер – BI Group, «Бәйтерек» ҰБХ АҚ, Еуразиялық банк, Ozon, «Теңізшевройл» ЖШС. Инновациялық серіктес – InDrive. Ақпараттық серіктестер – CITIX, Musan Group, EcoGenMedia, MYD, Visit Astana.
Толық ақпарат Digital Bridge 2025 ресми сайтында қолжетімді.