Қазақстанда ең ірі офлайн-хакатон – Decentrathon 4.0 өтті

Қазақстанда ең ірі офлайн-хакатон – Decentrathon 4.0 өтті

13-14 қыркүйек аралығында, Қазақстанда жалпы жүлде қоры 15 миллион теңгені құрайтын ең ірі мультилокациялық офлайн-хакатон – Decentrathon 4.0 өтті. Іс-шара Blockchain & AI Technology Center (BAITC), Astana Hub және Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Биылғы хакатон Decentrathon тарихындағы жаңа рекорд орнатып, еліміздің 20 қаласынан 3000-нан астам қатысушыны жинады. 48 сағат бойы оқушылар, студенттер, кәсіпкерлер және тәжірибелі IT-мамандар жасанды интеллект саласындағы технологиялық шешімдер әзірлеумен айналысты.

Жасанды интеллект – экономиканың цифрлық трансформациясының негізгі элементіне айналып отыр, сондықтан Decentrathon 4.0-дің басты тректері биыл осы бағытқа арналған. Қатысушыларға сервистерді дамыту, пайдаланушылар сенімін арттыру, процестерді жеделдету, рутиналық жүктемені азайту және клиенттік тәжірибені жақсарту бойынша AI-шешімдер әзірлеу міндеті қойылды.

 «Бүгін біз жастардың әлеуетінің қаншалықты жоғары екенін көріп отырмыз. Олардың идеялары прототипке жылдам айналып, ынталары нақты нәтижемен ұштасады.  Мұндай іс-шаралар оқу тапсырмаларының аясынан шығып, нағыз мәселелерді шешуге және сарапшылардан тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Бұл жас таланттардың жылдам дамуына, болашаққа сенімді қадам басуына және технологиялық ортада өз орнын табуына жол ашады. Дәл осылай жасанды интеллект пен басқа да озық технологияларды игеруге дайын жаңа буын мамандар қалыптасады», – деп Жаслан Мәдиев атап өтті.

Decentrathon 4.0-дің негізгі серіктестері – inDrive, Банк ЦентрКредит және bcc hub. Олар қатысушыларды AI саласындағы тапсырмалармен қамтамасыз етті. 48 сағат ішінде командалар мобильді технологиялар мен финтех салаларындағы кейстерді шешетін болады, ал үздік шешімдер практикалық деңгейде енгізу мүмкіндігіне ие болды.

 «Біз inDrive компаниясында бұрыннан жасанды интеллект құралдарын қолданамыз, әсіресе соңғы жылдары бұл бағыттағы технологияларды күшейтіп келеміз. Қазақстан – компаниялар үшін негізгі нарық мақсаты әрі жоғары цифрлық әлеуетке ие ел. Сол себепті Decentrathon хакатоны біз үшін технологиялық және географиялық мүдделеріміз тоғысқан ерекше мүмкіндік беретін іс-шараға айналды. Біз талантты жастарды және жаңа идеяларды біріктіретін алаң ретінде Decentrathon-ды қолдағанымызға қуаныштымыз», - деп Қазақстандағы inDrive басқарушысы Арай Бекембаев атап өтті.

Өз кезегінде bcc hub бас директоры Руслан Енсебаев былай деді:
«Күмән жоқ: жасанды интеллект технологиялары — машиналық оқытудан бастап нейрожелілер мен генеративті үлгілерге дейін — алдағы жылдары барлық саланы, соның ішінде банк секторын түбегейлі өзгертеді. Жеңіске жететіндер – ІІ-ді бизнес-процестердің барлығына жылдам әрі тиімді енгізе білгендер: озық скорингтік модельдерден бастап клиенттік қолдауды автоматтандыруға, гипердербестендірілген коммуникацияларға дейін. Банк ЦентрКредит пен bcc hub-тың Decentrathon 4.0 жобасындағы серіктестігі — қауымдастықпен күш біріктіріп, идеядан өнімге дейінгі жолды жеделдетудің бір тәсілі». 

Decentrathon 4.0 Қазақстанды өңірлік технологиялық инновациялар орталығы ретінде нығайтып, ұлттық деңгейдегі міндеттерді шеше алатын жаңа буын мамандарын қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл мемлекет пен технологиялық қауымдастықтың аймақтардағы таланттарды қолдау және елдің цифрлық трансформациясы үшін жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмыстарының жалғасы болып табылады. 

Хакатон жеңімпаздары еліміздің басты технологиялық сахнасында – Digital Bridge 2025 форумында ерекше жарияланатын болады. Олар өз жобаларын кең аудиторияға ұсынып қана қоймай, серіктестер мен инвесторлардың назарын аударып, өздері үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.