
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Мирас Ғабдолхаевтың төрағалығымен Комитеттің аумақтық департаменттерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Кездесудің негізгі тақырыбы Қазақстан Республикасы мен Моңғолия үкіметтері арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру мәселелері болды.
Кеңес барысында аталған Келісімнің 2026 жылғы 1 сәуірден бастап күшіне енетіні атап өтілді. Осыған байланысты Комитеттің зейнетақы және әлеуметтік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Әнел Шенеева қатысушыларға Қазақстан Республикасының құзыретті органдарының Келесімді іске асыру жөніндегі жұмысын ұйымдастыру регламентін жеткізді.
Кеңес модераторы жан-жақты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ Келісімді іске асыруға тартылған мамандар үшін оқыту іс-шараларын ұйымдастыруды тапсырды.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы 9 ақпанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Моңғолия Үкіметі арасындағы зейнетақы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойған болатын.
Келісім екі ел азаматтарының зейнетақы құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Оны іске асыру халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, әлеуметтік кепілдіктерді нығайтуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы өзара сенімді арттыруға ықпал етеді.
Құжат ережелеріне сәйкес Қазақстан мен Моңғолия азаматтарына қоныс аудару кезінде қосымша мүмкіндік беріледі: екі елде жинақталған еңбек өтілі жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ескерліп, есепке алынатын болады.