
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер (бұдан әрі — АӘҚ) көрсететін ұйымдарды лицензиялау енгізілді.
Лицензиялауды енгізу АӘҚ көрсету жүйесін жаңғыртудың маңызды кезеңі болып табылады және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға, оларды алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құқықтарын қорғауға, сондай-ақ ұйымдар қызметінің бірыңғай стандарттарын енгізуге бағытталған.
Лицензиялық талаптар бірқатар міндетті шарттарды сақтауды көздейді, оның ішінде санитариялық нормалар мен өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келетін ғимараттардың болуы, қажетті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, білікті кадрлармен жасақтау, сондай-ақ халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділік жағдайларын жасау.
2026 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша республикада арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 622 ұйым лицензия алды.
Сонымен қатар, лицензиялауды практикалық іске асыру барысында белгіленген талаптарға сәйкес келмеудің жекелеген жағдайлары анықталуда. Атап айтқанда, лицензия алуға өтінімдер беру кезінде медициналық лицензияның қажетті кіші түрлерінің болмауы, штаттық нормативтердің сақталмауы, өрт қауіпсіздігі бойынша тексеру актілерінің немесе аудит қорытындыларының болмауы, сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігіне байланысты бұзушылықтар тіркелуде.
Алайда, аталған сәйкессіздіктер оларды жойғаннан кейін лицензия алу үшін қайта өтініш беруге кедергі болып табылмайды.
Комитет пен оның аумақтық департаменттері жүйелі түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы, сондай-ақ ұйымдарға бару және өзге де байланыс арналары арқылы жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, Министрлік тұрақты негізде жергілікті атқарушы органдар мен АӘҚ көрсететін ұйымдардың қатысуымен онлайн-кеңестер өткізуде. Сондай-ақ өңірлерге жұмыс сапарлары жүзеге асырылып, олардың барысында проблемалық мәселелер қаралып, оларды шешу жолдары пысықталуда.
Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету сапасын арттыру және лицензиялау жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады.