Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен «Аудармашы» кәсіптік стандарты бекітілді (2025 жылғы 5 ақпандағы №35 бұйрық).
Аталған Стандарт «Кәсіби біліктілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және аударма мен лингвистикалық қолдау саласында жұмыс істейтін мамандардың қызметін реттейді.
«Аудармашы» кәсіптік стандарты ауызша, жазбаша, аудиовизуалды аударма қызметтерін көрсетуге қойылатын жалпы талаптарды белгілеп, тілдік және мәдениетаралық коммуникацияны қамтамасыз етеді.
Кәсіптік стандартта аудармашыға қойылатын С1, С2 деңгейлері бойынша тілдік құзыреттіліктер айқындалған.
Стандарт Салалық біліктілік шеңберінің (СБШ) бірнеше біліктілік деңгейін қамтиды:
1. Аудармашы (жазбаша) –СБШ-нің 4, 5, 6 деңгейлері;
2. Ауызша аудармашы –СБШ-нің 4, 5, 6 деңгейлері;
3. Аудармалардың бақылау редакторы – СБШ-нің 7 деңгейі;
4. Аудиодескриптор (көру қабілеті шектеулі адамдарға арналған визуалды ақпаратты бейімдеу маманы) –СБШ-нің 6 деңгейі;
5. Дактилолог-аудармашы (ымдау тілінің аудармашысы) –СБШ-нің 6 деңгейі.
Кәсіби стандартты енгізу арқылы:
- аудармашылардың біліктілігіне қойылатын бірыңғай талаптар белгіленіп, жұмыс сапасы артады;
- аударма саласындағы білім беру бағдарламаларын әзірлеуге негіз қалыптасады;
- мамандар мен оқу орындары түлектерінің біліктілігін тану рәсімі жеңілдейді;
- тілдік қолдау және мәдениетаралық коммуникация саласында кадрлық әлеуеттің дамуына ықпал етеді.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қолдауға бағытталған дактилолог-аудармашы мен аудиодескриптор мамандықтарының маңыздылығы зор.
Жаңа стандарт Қазақстандағы аудармашылардың жоғары деңгейдегі кәсіби даярлығын қамтамасыз ететін басты құралға айналады.