Жаңа әзірленген оқу-әдістемелік құралдар мен кітаптардың таныстырылымы «Тіл-Қазына» орталығында өтті. Жиында Қазақ тілін үйретудің А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлеріне арналған лексикалық және грамматикалық құрылымдардың толық тізімі мен оқу құралдарының артықшылықтары, тың тәжірибе туралы сөз болды.
Лексика-грамматикалық минимумдар (ЛГМ) халықаралық CEFR стандарттарына (Common European Framework of Reference – шет тілдерін меңгеру бойынша жалпы еуропалық стандарттар) толық сәйкес келетін әдістемелік өнім.
ЛГМ тіл үйренушілерге қазақ тілін жүйелі, ғылыми негізделген және тиімді тәсілдермен меңгеруге мүмкіндік береді. Оқу құралдары тыңдалым, оқылым, айтылым және жазылым дағдыларын үйлестіріп, тілдік кедергілерді жеңуге көмектеседі. Әр деңгейге арналған белсенді лексика мен грамматикалық құрылымдар қазақ тілін үйренушілердің күнделікті қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған.
Бұл минимумның ерекшелігі – отандық тәжірибеден бөлек ағылшын, түрік, орыс тілдерінде лексика мен грамматиканың минимумын түзу тәжірибелері негізге алынған. Тіл меңгерудің бастапқы (А1) деңгейінен бастап, базалық (А2), жалғастырушы (В1,В2), жоғары (С1) деңгейлеріне сай сөздер жинақталған.
ЛГМ құрастырушыларының ішінде халықаралық деңгейде әдістемелік тәжірибесі бар лингвист-ғалымдар: А.Қ. Балабеков, Н.Ж. Дәулеткереева, Л.М. Демесінова, Ж.М. Ысқакова, А.М. Қалиева, Г.А. Мұсаева, Ж.К.Сүйінжанова.