Елордада көру қабілеті нашар азаматтарға арналған экрандық оқу жүйесінің таныстырылымы өтті

Елордада көру қабілеті нашар азаматтарға арналған экрандық оқу жүйесінің таныстырылымы өтті

Елордада көру қабілеті нашар азаматтарға арналған экрандық оқу жүйесінің таныстырылымы өтті.  «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жаңа жобасы енді мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қазақ тіліндегі ақпаратқа жылдам әрі жеңіл қол жеткізуге мүмкіндік береді. Игі бастама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен жүзеге асты. 

         «Экран дикторы – зағип жандардың өмір сапасын, әлеуметтік белсенділігін арттырып, білім алып, ғылыммен айналысуына мол мүмкіндік беретін мобильді қосымша. Біз өз тарапымыздан экран дикторын уақыт талабына сай жетілдіріп, дамытып отыруға күш саламыз»,  –  деді Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов. 

         Енді көру қабілеті нашар азаматтарға мобильді қосымша кез келген ақпаратты дыбыстық режимде оқып береді. Бағдарлама қазір Android жүйесіндегі смартфондар үшін жұмыс істеп тұр. Жобаны құрастырушылар IOS жүйесіне арналған нұсқа  жуырда іске қосылатынын айтты.

         «Бұл экранды оқу жүйесі, әсіресе, қазақ тілінде сөйлейтін, ана тілінде ақпарат алғысы келетін пайдаланушылар үшін айрықша маңызды. Жаңа қосымшаның көмегімен пайдаланушылар веб-парақшаларды, электрондық хаттарды және құжаттарды оңай шолып шығып, мемлекеттік тілдегі ақпаратқа қол жеткізе алады»,  –  деді «Тіл-Қазына» ҰҒПО бас директоры Мақпал  Жұмабай.

         Әлеуметтік маңызы бар жиынға ҚР ҒЖБ министрлігі өкілдері, ҚР Мәжіліс депутаттары, инклюзивті білім беру мамандары, сондай-ақ ғалымдар мен жоба авторлары, қоғам белсенділері мен журналистер қатысты.

«Экран дикторы қосымшасы әлемде 2000 жылдардан бері қолданылады. Біз мұның қазақ тілді нұсқасын жылдар бойы күттік, армандадық.  Міне, сол игілікті бізге «Тіл-Қазына» орталығы ұсынып отыр. Бұл көру қабілетін нашар барша отандастарым үшін зор қуаныш қана емес, үлкен мүмкіндіктерге есік ашатын жаңалық! Қысқа мерзімде әзірленген жобаның жыл сайын жетілдіретіндігіне тілек, сенім білдіремін», – деді ҚР Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан.

         Таныстырылым барысында жоба сарапшылары Зият Әбдіқайымов пен Мұсағали Дауылов қосымшаның ерекшеліктеріне жіті тоқталып, жоба авторларына ризашылықтарын білдірді.  Айта кету керек, әлемдік стандарттар негізінде әзірленген мобильді қосымша Talkback бағдарламасымен бірге жұмыс істейді.