ФИСКАЛДЫ ЧЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҰСЫНЫЛУЫН ТАЛАП ЕТІҢІЗ

ФИСКАЛДЫ ЧЕКТЕРДІҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ҰСЫНЫЛУЫН ТАЛАП ЕТІҢІЗ

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мүдделі мемлекеттік мекемелердің қатысуымен бақылау-касса машиналарының (одан әрі  – БКМ) интерфейсіне қазақ тілін енгізу мәселесін талқылады.

Жиынның мақсаты – түбіртектерді, «фискалды чектерді» қазақ тілінде басып шығаруға кедергі келтіретін себептерді анықтау және бұл проблемаларды тиімді шешу жолдарын қарастыру.

Жиын барысында аталған бағытта 2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесі баяндалып, тіл нормаларына қатысты заңнамалық талаптарға шолу жасалды.

ҚР Сауда және интеграция, Қаржы министрліктерінің өкілдері «Бақылау-касса машиналарын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы Министрінің  № 208 бұйрығына сәйкес бақылау чегіндегі деректемелер қазақ тілінде басып шығарылуы тиіс екенін хабарлады. Бұл орайда техникалық талаптарға БКМ модельдерінің интерфейсінде қазақ тілінің болуы жөніндегі талап енгізілген.

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мүдделі мемлекеттік органдар мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын тарта отырып, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабына сәйкес сауда орталықтарында, банктерде және басқа да халыққа қызмет көрсету орындарында тұтынушыларға берілетін фискалды чектерді мемлекеттік тілде және қажет болған жағдайда басқа да тілдерде шығарылуын қамтамасыз етуге бағытталған кешенді жұмыстар жүргізетінін хабарлайды.