«САУАТТЫ ЖАРНАМА – ТІЛ АБЫРОЙЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

«САУАТТЫ ЖАРНАМА – ТІЛ АБЫРОЙЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді.
Көрнекі ақпарат саласындағы түйткілді мәселелерге қоғамның назарын аудару, сыртқы көрнекі ақпарат мәтіндерінің сауаттылығын арттыру, аудармашы мамандарды ынталандыру және республика аумағында тіл заңнамасының орындалуына атсалысып жүрген азаматтарға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан шараға кәсіпкерлік субъектілері, шағын және орта бизнес өкілдері, жеке тұлғалар қатысты.
Республикалық байқауға өңірлік байқаулардың іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қатысты.
Байқау ережесіне сәйкес мекемелердің аудармашы мамандары соңғы 3 жылда әзірлеген/аударған жарнама үлгілерін ұсынса, жеке азаматтар 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында тіл заңының талаптарына сәйкестендірілген жарнама объектілері туралы ақпарат ұсынды.
Қатысушылар ұсынған материалдарды мұқият сараптаған әділқазылар алқасының шешімімен «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының әдіскері Мөлдір Демеуова және Қостанай облысы «PROПеревод» бюросының маманы Сонмез Елена І орынға лайықты деп танылды.
Ақмола облысындағы «Билборд» жарнама агенттігінің директоры Дмитрий Холин және Шығыс-Қазақстан облысының тұрғыны Құрманғалиев Ермек ІІ орынды теңдей бөлісті.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана ақшамы» газетінің веб-редакторы Төлеуғалиев Таңатар мен қарағандылық аудармашы Алдабергенова Аяш ІІІ орынды иеленді.
Барлық қатысушылар диплом, алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.