ТІЛДІК БІРЛІКТЕР ЭЛЕКТРОНДЫ ФОРМАТТА ҚОЛЖЕТІМДІ

ТІЛДІК БІРЛІКТЕР ЭЛЕКТРОНДЫ ФОРМАТТА ҚОЛЖЕТІМДІ

«Қазақ тілін ғылым тілін айналдыру үшін біз алдағы екі-үш жыл көлемінде қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасының көлемін 40 млн-ға жеткізуіміз керек. Әлемнің негізгі тілдерінің көпшілігінде өздерінің ұлттық корпустары бар, олар бір-бірінен мәтіндерді ғылыми өңдеудегі толықтығы мен ғылыми деңгейі арқылы ерекшеленеді. Мәселен Англияның ұлттық корпусы 524 млн. сөзді құраса, Ресейде – 990 млн. сөз. Мақсатты межеге жету үшін біз Ұлттық жоба бойынша әр жыл сайын қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасының көлемін ең кем дегенде 10 млн. сөзге арттырып отыратын боламыз» - деді ағымдағы жылы 21 қазан күні Орталық коммуникациялар қызметінде «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасы: негізгі бағыттар» тақырыбында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ә.Қаба өз мәлімдемесінде.
Корпус дегеніміз – белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды түрде жинақталуына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе.
Бұл тұрғыда Ұлттық корпус алдымен тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін және қазақ тілінің ғылым тілі ретінде дамуына жол ашады.
Ұлттық корпустар тілді ана тілі немесе шет тілі ретінде үйрету үшін де маңызды. Әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары қазір корпусқа бағытталған. Кез келген шетелдік, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманы қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады.
Қажетті сөздіктер корпус базасына негізделіп құрастырылатын болады. Корпус базасы үнемі үздіксіз жетілдіріліп, толықтырылып отырады.
Сонымен Ұлттық корпус кәсібі бойынша қажеттілігі бар немесе тілдің құрылымы мен жұмсалымы туралы білгісі келетін жалпы қызығушылығы бар барлық жұртшылыққа арналған.
Биыл публицистикалық мәтіндердің кіші корпусын әзірлеу бойынша жұмыс басталды. Келесі жылдан бастап qazcorpora.kz сайты арқылы ұлттық корпустағы ақпаратпен толық таныса аласыздар.