ШЕТТІЛДІК ТЕРМИНДЕРДІ ИГЕРУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

ШЕТТІЛДІК ТЕРМИНДЕРДІ ИГЕРУ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАДЫ

«Шеттілдік терминдерді игерудің халықаралық тәжірибесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен онлайн режимде өткен конференцияға
Қарақалпақстан, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Татарстан және Түркия елдерінің тілші ғалымдары қатысып, баяндама жасады.
Халықаралық конференцияны ашқан Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба кіріспе сөзінде кірме терминдерді игеру мәселесінің тек қазақ тілінің ғана емес, халықаралық тілдердің де өзекті мәселесі екенін айта келіп, латыннегізді жаңа әліпбиге көшу барысында шеттілдік терминдерді таңбалау, игеруді бір жүйеге түсіріп алудың маңыздылыған атап өтті.
Конференцияда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәбира Сағынбекқызы Исақоваға (Ақтөбе қаласы, Қазақстан) «Қазақ тіліндегі шеттілдік терминдердің игерілу мәселесі» тақырыбында баяндамасында елімізде қалыптасқан терминологиялық ахуалға талдау жасап, кірме терминдердің игерілу мәселесіне қатысты құнды ойларымен бөлісті.
Ресей халықтар достығы университетінің академигі, Еуропа жаратылыстану ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы Ирина Советовна Карабулатованың (Мәскеу қаласы, Ресей) «Шеттілдік немесе ұлттық терминология? Қазіргі әлемдегі геосаяси сын қатер» тақырыбындағы баяндамасына конференцияға қатысушылар қызығушылық танытты.
«Түрік тіліне батыс тілдерінен енген терминдердің тарихына шолу» тақырыбында баяндама жасаған Башкент университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сүйер Екердің (Анкара қаласы, Түркия) іс-шараға қатысушыларды түркі тілдердің тарихы мен ондағы диалектілер, тармақтарға, оғыз, қыпшақ және қарлұқ бұтақтарына жататын тілдердің арасындағы туыстық, ұқсастық мәселесіне қатысты тың деректермен таныстырды.
Ал Әжнияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының доценті, филология ғылымдарының докторы Алима Кудияровна Пирниязова (Нөкіс қаласы, Қарақалпақстан) «Қарақалпақ тіліндегі кірме терминдердің емлесі» тақырыбындағы баяндамасында терминологиялық жұмыстарды реттеу және жандандыру мәселесіндегі тәжірибелерімен бөлісті.
Конференция барысында Қазан федералды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Альфия Шавкетовна Юсупованың (Қазан қаласы, Татарстан) «Татар тіліндегі шеттілді терминдер», Өзбек тілі, әдебиеті мен фольклоры институты Социолингвистика бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Ёрқинжон Рахмоналиевич Одиловтың (Ташкент қаласы, Өзбекстан) «Жаһандану кезеңіндегі өзбек тілі терминдерінің игерілу мәселесі», Комрат мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Иванна Дмитриевна Банкованың (Комрат қаласы, Молдова Республикасы) «Гагауыз тіліндегі лингвистикалық кірме терминдер» тақырыбындағы баяндамаларында осы тілдердегі лингвистикалық жағдай қозғалып, кірме терминдерді бейімдеуді қабылдаушы тілді байыту, сөздік қорын молайту тұрғысынан қарастыру қажеттігі талқыланса, ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Нағима Мәсімақынқызы Әшімбаева (Алматы қаласы, Қазақстан) «Шеттілдік терминдерді қазақ тілінің заңдылықтарына бейімдеу жолдары» тақырыбындағы баяндамасында соңғы жылдары шеттілдік терминдердің қазақ тіліне қарқынды ену себептерін айта келіп, қабылдаушы тіл болып отырған қазақ тілінің терминжасам әлеуетін нақты мысалдар арқылы көрсетті.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Терминологиялық орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Сәрсенбай Қуантайұлы Құлмановтың (Алматы қаласы, Қазақстан) баяндамасы жоғарыдағы баяндамашылардың ойларын жалғастыра түсті. Баяндамашы қазақ, түрік, әзербайжан, өзбек және башқұрт тілдерінің материалдары негізінде түркі тілдерінде шеттілдік терминдердің игерілу ерекшеліктеріне тоқталды.
Іс-шараның қорытындысы ретінде шет тілдерден термин қабылдауда түркі тілдердің тәжірибесін ескеру, түркі тілдерге ортақ терминологиялық қор қалыптастыру, ортақ сөздік жасау, шет тілдерден енген терминдерді қазақ тілінің заңдылықтары бойынша игеру жөнінде лингвист ғалымдардың, докторанттар мен магистранттардың, студенттердің арасында сауалнама жүргізіп, сараптама жасау мәселелерін қарастыру сияқты бірқатар мәселелер қамтыла отырып қарар қабылданды.