«Балаларға арналған үздік шығарма» байқауының қорытындысы жарияланды

«Балаларға арналған үздік шығарма» байқауының қорытындысы жарияланды

Бүгін Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне бағынысты Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырған «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауы аяқталды.

Балалар қаламгерлерін қолдау және балалар әдебиетін дамыту мақсатында үш ай бұрын жарияланған байқауға 200-ден астам автордың 300-ге жуық шығармасы қабылданды.

Жеңімпаздарды марапаттауға Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Айнұр Мырзабекова қатысып, министрдің атынан Алғыс хат табыстады.

«Мемлекеттік деңгейде көтерілген проблеманы шешуді жылдам қолға алып, өз уақытында жүзеге асыруға алғашқы қадам жасаған Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына алғыс білдіремін. Үш жүзге тарта шығарма келіп түскен байқау бұдан әрі ел игілігіне жұмыс істеу үшін мықты шығармалардан арнайы жинақ құрастыру керек. Сонымен қатар дәл осы «Балаларға арналған үздік шығарма» байқауын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырып отыру қажет», - деді Тіл саясаты комитетінің төраға орынбасары.

Сонымен қатар іс-шараға сарапшы комиссияның төрағасы, ақын Бауыржан Жақып қатысып, сөз сөйледі.

«Бұл байқаудың бағыты да, мән-мазмұны да ерекше болды. Қатысушылар санымен де айрықша бағалауға болады. Кейінгі жылдары балалар шығармасы бойынша өткен байқаулардың алдыңғы қатарында дәл осы бәйгенің болары анық», - деді ол.

Белгілі ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова байқауда үш санат бойынша екінші орын алған жеңімпаздарды, Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет үш санат бойынша үшінші орын алған үш жеңімпазды марапаттады.

«Әдеби ортада кейіндеп қалған саланың бірі – осы балалар әдебиеті. Президенттен бастап, депутаттар да осы мәселені көтерген еді. Міне, Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен Жазушылар Одағы бірігіп, осындай кең ауқымды бәйге ұйымдастырды, жаңа есімдерді жарыққа шығарды», - деді Ұлықбек Есдəулет.

«Балаларға арналған үздік шығарма» байқауының жеңімпаздары:

І санат бойынша:
1-орын: Ақылбек Шаяхметов
2-орын: Серікбай Оспанов
3-орын: Ернұр Сейдахмет

ІІ санат бойынша:
1-орын: Көсемәлі Сәттібайұлы
2-орын:Байділдә Айдарбек
3-орын: Гүлжан Амангелдіқызы

ІІІ санат бойынша:
1-орын: Айгүл Кемелбаева
2-орын: Ертай Ашықбаев
3-орын: Қайым-Мұнар Табеев.