«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

2026 жылғы 18 қыркүйекте мемлекеттік тіл саясатын ілгерілету іс-шаралары аясында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті ұйымдастырған жыл сайынғы  «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шара барысында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов БАҚ өкілдерінің мемлекеттік тілді дамытудағы, оның қоғамдағы мәртебесін арттырудағы елеулі үлесі мен маңызды рөлін атап өтті, сондай-ақ «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жүлдегерлерін құттықтады.

Аталған байқау – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, тіл мәдениетін арттыруға және қазақ тіліне деген қызығушылықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы күшейтуге бағытталған маңызды бастама.

Биылғы жылы байқауға «Үздік мақала» және «Үздік теле-/ радиобағдарлама» номинациялары бойынша 130 өтінім түсті. Қазылар алқасы 200-ден астам материалды қарады.

Байқауға мемлекеттік тілді дамыту мәселелеріне қатысты материалдар жариялаған кәсіби журналистер, теле- және радиокомпаниялар ұжымдары, газет және интернет-БАҚ редакциялары қатысты.

Қазылар алқасының шешімімен «Үздік мақала» номинациясы бойынша «El.kz» интернет-порталының тілшісі Ажар Лаубаева байқау жеңімпазы болып танылды.

Сондай-ақ байқау жеңімпаздары арасында Гүлнар Жолжанова («Egemen Qazaqstan» республикалық газеті), Әуелханұлы Мейіржан (Todayinfo.kz ақпараттық порталы), Темірлан Айтбаев («Жетісу» телерадиокомпаниясы), Мөлдір Қалымбет (Халықаралық «Қазақпарат» ақпарат агенттігі), Анель Пимичева («Қазақстан» республикалық телерадиокорпорацияның Қостанай облыстық филиалы).

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, алғысхаттар мен сертификаттар табысталды.