
16 қыркүйекте «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай «Тіл білгірлері» зияткерлік квизі өтті.
Квиздің мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін дәріптеу, қызметкерлердің қазақ тілі, әдебиеті, тарихы және әлем тілдері бойынша білімін кеңейту, сондай-ақ командалық рухты нығайту.
Квизді компанияның Басқарма Төрағасы Сұлтанғали Құрманғалиұлы Кенжеқұлов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Квиз барысында мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл және жұртшылықпен байланыс жөніндегі өкіл Марат Сагинтаевич Есенов пен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің бас сарапшысы Замира Колдеевна Мукатова қатысушыларды Қазақстан халқы тілдерінің күнімен құттықтады.
Квизге компания қызметкерлері қатысып, «Қырандар», «Арман» және «Номад» атты үш командаға бөлінді.
Квиз үш кезеңнен тұрды. Әр кезеңде жеті сұрақтан қойылып, қатысушылар барлығы 21 негізгі сұрақ бойынша бақ сынады.
Бірінші кезең – «Тіл мен тағылым». Қатысушылар қазақ тілі, әдебиеті мен тарихына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Екінші кезең – «Полиглот». Бұл кезеңде әлем тілдеріндегі сөздердің аудармасы, шығу тарихы мен мағынасына байланысты тапсырмалар ұсынылды.
Үшінші кезең – «Ортақ қазына». Командалар әртүрлі тақырыптарды қамтыған сұрақтарға жауап беріп, оларды біріктіретін ортақ ұғымды анықтады.
Квиз барысында қатысушылар өз білімдерін көрсетіп, белсенділік танытты. Квиз соңында «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Талант Муханбетжановна Калиева қатысушыларға алғысын білдіріп, жеңімпаздарды құттықтады.
«Тіл білгірлері» зияткерлік квизі мемлекеттік тілге деген қызығушылықты арттыруға, қызметкерлердің білімін жетілдіруге және командалық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған мазмұнды іс-шара болды.