«Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» тақырыбында конференция өтті

«Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» тақырыбында конференция өтті

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Ұлттық академиялық кітапханада «Балалар әдебиеті – ұлт болашағы» тақырыбында конференция өтті.

Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 1 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруда халыққа жақын болу, қоғаммен байланыс орнату үшін дайындалған Министрліктің жол картасы аясында ұйымдастырылды.

Конференцияның мақсаты – өскелең ұрпақты кішіпейілділікке, қайырымдылыққа, адамгершілікке, адалдыққа, батылдыққа, батырлыққа тәрбиелейтін балалар әдебиетін заман талабына сай дамыту.

Кездесуге Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба, Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев, Айгүл Қапбарова, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбай, Қазақстан Республикасы ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева қатысты. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, ақын-жазушы Толымбек Ыбырайым баяндама жасаса, Нұрлан Қалқа, Дина Ораз бұл салаға байланысты өз ұсыныстарын білдірді.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қаласы мен облыс әкімінің орынбасарлары, балалар әдебиеті жазушылары, баспагерлер, кітапхана, кітап дүкендерінің басшылары онлайн форматта қатысып, балалар әдебиетіне қатысты ой алмасып, пікір білдірді.

Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба баяндамасында Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының мәліметі бойынша 2017-2020 жылдары отандық баспалардан 1000-1500 данамен 364 балалар әдебиеті жарық көргенін айтты.

«Тәуелсіздік алғалы бері балаларға арналған кітаптардың 70%-ы қазақ тілінде басылды. Дегенмен бүгінгіде елімізде балалар қызығушылығын тудыратын кітаптардың аздығы бізді алаңдатып отыр. Тағы бір қынжылтатыны, отандық баспалардан жарық көретін балалар әдебиетінің басым бөлігі шетел аудармалары, ал дүкендерде заман талабына сай балалар әдебиетінің саны төмен. Министрлік әдебиеттің балалар тәрбиесі үшін маңызды екенін ескере отырып, биыл «Мәдениет туралы» Заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, келер жылдан бастап кітап палатасы жанынан бірнеше жобаны жүзеге асырады. Бұл қатарда «Үздік балалар шығармасы», «Жылдың үздік кітабы» байқауы мен «Асыл сөз» жобасы жоспарда бар. Қазір балалар әдебиетін дамыту үшін жазушыларымыз заман талабына сай тақырыптарды игеруі, шығарма жазғанда олардың жас ерекшеліктерін ескеруі, балалар әдебиетін ғылыммен, тәрбиемен тығыз байланыстыруды, жасөспірімдерге арналған шығармаларда сөз мәдениеті мен эстетика талғамның жоғары болуы, туынды мазмұнында трагедияның болмауын қадағалауы, баспалармен бірлесіп елімізге танымал романдарды ықшамдап жазып, шығаруы қажет. Отандық баспалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қазақ тіліндегі балалар әдебиеті контентіне басымдық беру мәселесін шешу де күн тәртібінде тұр. Сондай-ақ әлемдік тәжірибеге сәйкес алдағы уақытта Бердібек Соқпақбаев атындағы балалар әдебиеті күнін белгілеген жөн болар еді деген ұсынысым бар»,-деді Әділбек Қаба.

Жиында сөз алған сенатор Нариман Төреғалиев осы салаға бей-жай қарай алмайтындығын білдіре отырып, мемлекеттік бағдарламалар арқылы балалар әдебиетіне жеке қаражат бөлуді қолдайтынын, «Балдырған», «Айгөйлек», «Ақжелкен» өзге де балалар журналы мен газеттердің таралымын көбейту, ауылды жердегі балаларды осы басылымдармен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Ал Айгүл Қапбарова бүгінде балалар әдебиетіне насихаттың жоқтығына тоқталды.

Қайрат Жолдыбай кітап дүкендерінде қазақ тілді оқулықтардың, шығармалардың аздығына тоқталып, балалар әдебиетін насихаттауда жарнаманың болуын, балалар әдебиетін жазуға тапсырыс беру жолдарын ұсынды.
Осыдан кейін Үмітхан Мұңалбаева балалардың сауатсыздық деңгейі бойынша еліміз 100 мемлекеттің ішінде 67-ші орнында тұрғанын, бұл салаға серпін беру үшін келер жылды балалар әдебиеті жылы деп атауды Үкіметке ұсынатынын жеткізді.

«Балдырған» журналының бас редакторы Д. Мағлұмов жалпы балалар әдебиетінде 20-дан астам жанр барын айтты. Алдағы уақытта «Балдырған» журналының бір жылдық жинағын (12 санын) балалар кітабы етіп басып шығаруды ұсынды.

Бұдан бөлек конференция барысында өскелең ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, төл әдебиетіміздің жауһарларымен сусындату, балалар әдебиетін дамытудың өзекті мәселелері жайлы сөз қозғалды.