
2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл – еліміздің құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтын тарихи оқиға.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» облыстық байқауының ашылуында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Алма Қабыкенқызы Шалабаева жаңа Конституцияның мемлекет пен қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.
Өз сөзінде ол Ата заңның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беріп қана қоймай, Қазақстанды мекендейтін барлық этнос өкілін ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыратын маңызды құқықтық құжат екенін атап өтті. Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі рөлі мен жаңа Конституцияда айқындалған қағидаттардың өзара үндестігіне назар аударды.
Байқауға қатысушыларға «Қазақстан Республикасының Конституциясы» кітапшалары табысталып, Ата заңды құрметтеу, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – әрбір азаматтың ортақ міндеті екені айтылды.