
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған он күндік тілдік лагерьге басқарманың тіл үйрену курсында А1 деңгейінде білім алып жүрген 20 тыңдаушы қатысып, мемлекеттік тілді табиғи ортада меңгеруге мүмкіндік алды.
Оқыту бағдарламасы негізінде қатысушылар қазақ тілінің грамматикасы мен ауызекі сөйлеу дағдыларын жетілдіріп қана қоймай, қазақ халқының салт-дәстүрлері мен тарихи-мәдени құндылықтарымен кеңінен танысты. Ұлттық ойындарға қатысып, шеберлік сабақтарында ұлттық тағамдар әзірлеп, қолөнермен айналысты. Сонымен қатар тарихи орындар мен мұражайларға экскурсия жасап, ұлттық мұраның мән-маңызын тереңірек түсінді.
Тілдік лагерьдің жабылу салтанатында басқарма басшысы Алма Қабыкенқызы Шалабаева сөз сөйлеп, қатысушыларды мемлекеттік тілді үйрену жолындағы жетістіктерімен құттықтап, қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануды тоқтатпауға шақырды. «Тілді меңгерудің ең тиімді жолы – оны үздіксіз қолданысқа енгізу. Қазақша сөйлеп, қазақша кітап, газет-журнал оқып, тілдік ортадан алыстамаңыздар», – деп атап өтті.Ал қатысушылар он күн бойы үйренген білімдері мен тәжірибелерін сахналық көрініс арқылы көрсетіп, қазақтың тағылымды дәстүрлерін дәріптеді. Сонымен қатар, «Біз лагерде не істедік?» атты флешмоб ұйымдастырды.
Іс-шара соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Дулат Исабековтің «Гауһартас» кітабы сыйға берілді.