«Нормативтік сөздік жасау қағидаттары және халықаралық тәжірибе» республикалық ғылыми-практикалық семинары өтті

«Нормативтік сөздік жасау қағидаттары және халықаралық тәжірибе» республикалық ғылыми-практикалық семинары өтті

2026 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Нормативтік сөздік жасаудың қағидаттары және халықаралық тәжірибе» атты республикалық ғылыми-практикалық онлайн семинар өтті.

         Ұлттық терминологиялық жүйені жетілдіру, терминдерді біріздендіру және нормативтік сөздік қорды ғылыми-әдістемелік тұрғыдан ретке келтіру мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Нормативтік сөздікті әзірлеу барысында тілдік бірліктердің сапасын айқындау, терминдердің жарыспалылығын реттеу, сондай-ақ құқықтық және салалық мәтіндердегі терминологиялық қорды жүйелеу мәселелеріне ерекше мән беріледі.

         Іс-шара Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің іс-қимыл жоспарына сәйкес ұлттық терминологиялық жүйені жетілдіру және біріздендіру мақсатында ұйымдастырылды. Семинар жұмысына Республикалық терминология комиссиясы мен Республикалық орфографиялық комиссияның мүшелері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғалымдары, тіл мамандары, заңгерлер мен құқықтанушылар, терминология мәселелеріне жауапты орталық және жергілікті атқарушы органдардың мамандары, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері мен салалық сарапшылар қатысты.

Жиын барысында нормативтік сөздік әзірлеудің ғылыми қағидаттары, халықаралық тәжірибе мен отандық тәсілдер талқыланып, заңнамалық және құқықтық мәтіндерде терминдерді қолдану, сараптау және біріздендіру мәселелері бойынша мамандардың ұсыныстары ортаға салынды. Белгілі ғалымдар, тілтанушылар, құқық саласының сарапшылары және IT-мамандар нормативтік сөздік жасау, заң тілі сапасын арттыру, құқықтық мәтіндерге лингвистикалық сараптама жүргізу, терминологиялық жүйені жетілдіру және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері бойынша баяндама жасады.

Іс-шара барысында тілдік бірліктер сапасының өлшемшарттары, бекітілген терминдердің қолданысы, құқықтық мәтіндердің тілдік нормалары, терминологиялық тіркестер мен салалық ұғымдарды жүйелеу, сондай-ақ терминологиялық және лингвистикалық сараптамада цифрлық құралдарды тиімді пайдалану мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Семинар қорытындысы бойынша нормативтік сөздік әзірлеу жұмыстарын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан жетілдіруге, терминологиялық бірізділікті қамтамасыз етуге және құқықтық мәтіндердің тілдік сапасын арттыруға бағытталған ұсынымдар әзірленді.