
Бүгін Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО-ның 2022 жылға арналған атаулы даталар күнтізбесіне енгізу бойынша жұмыс тобының бейнеконференция арқылы отырысы өтті.
Жиынға Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба төрағалық етті. Сонымен қатар басқосуға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Əлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Отырар» кітапханасы» ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Тұрсын Жұртбай, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практика орталығының атқарушы директоры Ербол Tілешов, А. Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институтының директоры Анар Фазылжанова, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Тіл құрал» оқу-әдістеме, ғылыми зерттеу орталығының директоры Райхан Имаханбет қатысты.
Онлайн кездесу барысында әдебиет зерттеушісі, түркітанушы, публицист, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің маңыздылығы талқыланды.
Отандық және шетелдік жетекші ғалым-сарапшы, еліміздің ғылыми мекеме басшыларының пікірлері мен көптеген библиография дереккөзге сүйене отырып, мынандай шешім қабылдады:
1)Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінің әлемдік деңгейдегі маңыздылығын мақұлдау;
2)Тиісті органдарға Қазақстанның атынан ЮНЕСКО-ның 2022 жылға арналған атаулы даталар күнтізбесіне Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын енгізу мәселесі бойынша өтініш жолдау.
Айта кетейік, 2022 жылы Ұлт ұстазының туғанына 150 жыл толады. Ол 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келген.