Республикалық «Ана тілі» зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

Республикалық «Ана тілі» зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

Астанада республикалық «Ана тілі» зияткерлік олимпиадасы жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Зияткерлер сайысы екінші жыл қатарынан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі және «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесіп ұйымдастырылып келеді.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Е.Тілешов, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің және «Білім-Инновация» қорының басшылары қатысты.

Іріктеу кезеңіне еліміздің барлық өңірінен 9–11-сыныптардың 2000-нан астам оқушысы қатысып, нәтижесінде үздік көрсеткіш көрсеткен 64 команда (192 оқушы) республикалық кезеңге жолдама алды. Ақтық кезеңде қатысушылар «Пікірсайыс», «Тілшілер» және «Білімпаздар» бағыттары бойынша бақ сынап, терең білімдері мен шешендік шеберліктерін танытты.

Бас жүлдені Түркістан облысының «Үшарыс» командасы иеленді. Сонымен қатар жүлдегер атанған 11-сыныптың 14 оқушысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының білім гранттары табысталды: 5 грант – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, 5 грант – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, 2 грант – SDU University, 1 грант – Narxoz University және 1 грант – Coventry University Kazakhstan.

Сондай-ақ командалар «Үздіктер», «Озаттар», «Мықтылар» және «Белсенділер» аталымдары бойынша марапатталды. Зияткерлік олимпиада жастар арасында қазақ тілін терең меңгеруге ынталандыруға және оның беделін арттыруға бағытталған.