
2025 жылғы 18 желтоқсанда Қостанай облысында мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі дамуы мен жасанды интеллект мүмкіндіктеріне арналған республикалық форум өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абзал Құспан және А.Мутали, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің тіл саясат комитеті төрағасының орынбасары Ғ.Абзалбек, орталық және өңірлік мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ IT саласының сарапшылары қатысты.
Форум барысында мемлекеттік тілдің цифрлық ортадағы рөлі, жасанды интеллектіні лингвистика, білім беру және құқықтық салада қолдану мәселелері талқыланды. Пленарлық отырыс IQostanay орталығында өтіп, секциялық жұмыстарда қазақ тілін оқытудағы инновациялық тәсілдер мен тіл заңнамасының орындалуына қатысты өзекті тақырыптар қозғалды.
Сонымен қатар Қостанай облысы әкімдігі мен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Форум қорытындысы бойынша мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге және оны цифрлық дәуір талаптарына бейімдеуге бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді.