
Пленарлық бөлімде қазақ тілінің даму бағыты, білім берудегі инновациялық әдістемелер, цифрлық жобалар және жасанды интеллекттегі қазақ тілінің болашағы жан-жақты талқыланды. Секциялық кездесулерде ұстаздар өздерінің авторлық жобаларын таныстырып, тәжірибе алмасты.
Форумға 150-ден астам тіл маманы қатысты. Спикерлер соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері мен шетел азаматтары тарапынан қазақ тілін меңгеруге деген құлшыныстың артқанын айтты.
Облыс әкімінің орынбасары Ғани Айдарұлы Майлыбаев форумның ашылу салтанатында: «Қазақ тілі ғылымның, инновация мен технологияның тіліне айналып келеді, бұл ретте педагогтардың еңбегі орасан зор», – деп атап өтті.
Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» президенті Рауан Кенжеханұлы қазақ тілінің әлемдік платформаларға, соның ішінде Google Translate пен OpenAI жүйелеріне енгізілуі жөнінде айтты.
Iс-шараны Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, Білім басқармасы және Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» бірлесіп ұйымдастырды. Форум барысында педагогтар пен ғалымдарға әкімдік атынан алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, іс-шара «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған №7 орта мектепте өтті. Мұнда қонақтарға кітап көрмесі мен мектептің арнайы кабинеттері таныстырылды.