
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен тіл саясатын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген ғалымдар мен тіл жанашырлары «Ахмет Байтұрсынұлы» және «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілерімен марапатталды.
Салтанатты рәсімде құттықтау сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов марапат иелеріне Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыруға, сондай-ақ қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытуға қосқан ерен еңбектері үшін алғыс айтып, наградалар табыстады.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының атын иеленген бұл марапат – тіл жанашырларына көрсетілген құрмет пен алғыстың нышаны ғана емес, сонымен қатар ана тіліміздің өрісінің кеңеюіне қосқан еңбектің жоғары бағалануы.
Марапат иелері – мемлекеттік тілді дамыту жолында қажырлы еңбек етіп, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап жүрген тұлғалар. Бұл құрмет олардың ел мүддесіне сіңірген еңбегінің бағалануы ғана емес, ана тіліміздің өрісін кеңейтуге қосқан шынайы үлесінің жарқын көрінісі.
Марапаттаушылар атынан ҚР Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институты Лингвистикалық орталығының басшысы, заң ғылымдарының кандидаты, Республикалық терминология комиссиясының мүшесі Сыздық Болат Кенелұлы өз алғысын білдірді.