Қарағанды облысында TED форматында республикалық семинар өтті

Қарағанды облысында TED форматында республикалық семинар өтті
«Ғылымдағы қазақ тілі: тәжірибе мен мүмкіндіктер» тақырыбында өткен ғылыми жиынды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы Әлденей ашып берді.
 
Республикалық семинарға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері, ғалымдар, еліміздің барлық облыстары әкімдіктерінің тіл саясатына жауапты басқарма қызметкерлері, оқыту орталықтарының директорлары мен ұлттық компания өкілдері қатысты. Айта кетейік, бүгінгі іс-шара TED стилінде “Ойталқы” форматында ұйымдастырылды.
 
Қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. Семинар барысында спикерлер қазақ тілінің әр салада заманауи қолданылуы туралы өз идеяларын еркін форматта ортаға салды.
 
Спикерлер сапында:
•ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е. Е. Тілешов – «Әдіснаманың қалыптасуы және ғылым тілі»
•Қарағанды медицина университетінің профессоры, м.ғ.к. Х. Р. Әбдіқадырова – «Қазақ тіліндегі медициналық терминологияны дамыту: мәселелер мен перспективалар»
•Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қ. Ж. Мұханғалиев – «Қазақ тілінің өңірлік дамуы: нәтижелер мен проблемалар»
•Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО ӘІ бөлімінің ІТ саласының маманы, сарапшы Т. А. Бектұр – «Қазақ тілін дамытуда жасанды интеллект технологияларын қолдану»
•«Bolashaq» академиясының Ғылым және халықаралық байланыс басқармасының басшысы, PhD докторы Б. Р. Хасенов – «Қазақ тілінің ғылыми әлеуетін арттырудағы рецензияланатын журналдардың рөлі»
 
Пікірталас алаңында қатысушылар спикерлерге өз сауалдарын қойып, ой алмасты. Республикалық семинардың пленарлық мәжілісінен кейін панельдік сессияда мемлекеттік тілдің әр саладағы беделін арттыру және жаңа мүмкіндіктерін айқындау мәселелері талқыланды.
 
Еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар мен тіл жанашырлары үшін бұл семинар қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту ісіне тың серпін беріп, жаңа бастамаларға негіз болары сөзсіз.
 
Сондай-ақ, іс-шара барысында мемлекеттік тілдің дамуына және оның қолданыс аясын кеңейтуге елеулі үлес қосып жүрген азаматтар Қарағанды облысы әкімінің және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.