2025 жылғы 12 қыркүйекте Тараз қаласында «Тілдерді оқытудағы инновациялық және интерактивті әдіс-тәсілдер» атты республикалық семинар өтті. Іс-шараны Жамбыл облысының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.
Семинардың басты мақсаты – қазақ тілін оқытудың жаңа, инновациялық тәсілдерін ұсыну, қазақ тілі оқытушылары мен әдіскерлерінің біліктілігін арттыру.
Аталған шарада Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Нұрманұлы Жүнісбай алғы сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен болашағына қатысты маңызды ойларымен бөлісті.
Іс-шара барысында мемлекеттік тілді оқытудың заманауи әдістемелері таныстырылды. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Тіл саясаты комитеті» әдістемелік қамтамасыз ету басқармасының басшысы Айнагүл Қожаназарқызы Көкен «Қазақ тілінің цифрлық әлеуетін арттыратын ЖИ жобалар» тақырыбында, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері Дидар Айдарұлы Садық «Қазақ тілін Оксфорд университетінде оқытудың алғашқы тәжірибесі», Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» ӘдістемеLab бөлімінің жетекшісі, ф.ғ.к. Жазира Мақсұтқызы Искакова «Тіл оқытуда лексика-грамматикалық минимумды пайдалану жолдары», Қарағанды облысының Тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Ақмашқызы Игенова «Заманауи әдістемелік өнім – тіл үйретудегі нәтиже кепілі», Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбарак Қасымқызы Жинақбаева « Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» тақырыптарында баяндама оқыды. Сонымен қатар, семинардың тәжірибелік кезеңінде қатысушылар тіл оқытудағы инновациялық және интерактивті әдіс-тәсілдермен бөлісті.
Семинарға жалпы 250-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Тіл саясаты комитеті», А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» мен өңірдегі тіл оқыту орталықтарының тіл мамандары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, медиа өкілдері болды.
Шара соңында бірқатар тіл жанашырлары Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының Алғыс хат, сертификаттарымен марапатталды.