Тілім менің – баға жетпес байлығым

Тілім менің – баға жетпес байлығым

2025 жылғы 10 қыркүйекте Ақтөбе қаласында «Тілім менің – баға жетпес байлығым» атты республикалық семинар-кеңес өтті. Іс-шараны Ақтөбе облысының Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.

Семинар-кеңестің басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, оны қоғамдық өмірдің барлық саласында тұрақты қолдануды қамтамасыз ету және қоғамда тіл мәдениетін арттыру болды.

Аталған шараға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Асан Эльмира Арысланқызы құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны мен болашағына қатысты маңызды ойларымен бөлісті.

Іс-шара барысында мемлекеттік тілді оқытудың заманауи әдістемелері таныстырылып, сауатты жазу мен дұрыс сөйлеудің маңыздылығы сөз болды. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен медиа саласында қазақ тілін қолданудың мүмкіндіктері талқыланды. Көрнекі ақпараттарда тіл заңнамасының сақталуы және сот істерін мемлекеттік тілде жүргізудің өзекті мәселелері қарастырылды. Бұдан бөлек, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жолдары мен жастар арасында тілге деген құрмет пен қызығушылықты арттырудың маңызы атап өтілді.

Семинарға Қазақстанның әр өңірінен келген 70-ке жуық қатысушы қатысты. Олардың қатарында тіл мамандары, заңгерлер, медиа өкілдері және жастар болды.

Шара соңында бірқатар тіл жанашырлары «Ана тілі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен, сондай-ақ Ақтөбе облысы әкімінің және Ақтөбе облысы Тілдерді дамыту басқармасы басшысының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Осылайша, «Тілім менің – баға жетпес байлығым» республикалық семинар-кеңесі мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге, оның заманауи бағыттарда қолданылуын кеңейтуге және қоғамда тіл мәдениетін дамытуға серпін берген маңызды алаң болды.