2025 жылғы 11 маусымда Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Көрнекі ақпарат сауаттылығы – баршаға ортақ іс» атты семинар өтті.
Семинар барысында көрнекі ақпарат пен жарнама өнімдерінің жай-күйі, көрнекі ақпарат бойынша бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы мәселелер қамтылды. Қатысушылар аталған мәселелер бойынша сауалдар қойып, проблемаларды шешу жолдары туралы өз ойларын, тәжірибелерін ортаға салды, сондай-ақ, маңдайшалардың, тауар белгілерінің, қоғамдық көліктердегі жарнама өнімдерінің дұрыс ресімделуі бойынша кеңестер алды.
Аталған шараға Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары М.Қ. Сағымбаева мен Тіл заңнамасының орындалуын қамтамасыз ету басқармасының бас сарапшысы Е.Р. Сұлтан, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының төрағасы А. Туғанбай, Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері, қалалар мен аудандардың тіл мамандары, жергілікті ЖОО-ның профессорлары, мемлекеттік органдар мен қызмет көрсету нысандарының мамандары, қала, аудандардағы жеке кәсіп иелері қатысты.
Семинар барысында облыстағы көрнекі ақпараттың жай-күйі, ҚР «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заңының орындалуы туралы баяндамалар тыңдалды.