Астана қаласында «Қазақтелеком» АҚ Орталық аппараты және Қазақстандағы барлық филиалдарының 100-ден аса басшы және менеджерлік құрам қызметкерлерінің қатысуымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы шеңберінде тіл саясатының іске асырылуы барысы туралы кездесу өтті.
Кездесуде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің өкілдері Қ.А. Рахымжанов, Г.З. Кокина Тіл тұжырымдамасының мақсаттары мен міндеттері, басты индикаторларын ұлттық компания деңгейінде сапалы орындау бойынша құнды әдістемелік нұсқаулар беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының қызметкерлері Ж. Искакова, Б. Есімсейітов қазақ тілін заманауи технологиялар тіліне айналдыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен қолдану аясында әзірленген цифрлық инновациялық IT жобалардың таныстырылымын жасады.
Қоғам өкілдерімен тіл үйрету әдістемесін жетілдіру, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту және қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамыту мәселелері талқыланып, жобаларды өндірісте кеңінен пайдалану, тарату мүмкіндіктерін талқылау жөнінде ұсыныстар берілді.