Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Комитет туралы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Қызметі
Басқарма туралы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Все материалы
Терминологиялық жұмыс
10 февраля 2022
ҚАЗАҚТЫҢ БІР СӨЗІ ЖЕРДЕ ҚАЛМАУЫ КЕРЕК...

Ұлттық корпус бізге не береді?
Тіліміз бай. Оған дау жоқ. Алайда ғалымдар сол бай тілдің әр сөзін, сөйлемін жинап бір қор құрып, оны қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға пайдалана алмасақ, тіліміздің қолданылуы кеміп, суалған теңіздей бірте-бірте нәрінен айырып, жоғалтып алуымыз мүмкін екенін айтады. Бір сөзбен айтқанда, адам өміріне, ғылымға, техникаға, бәрі-бәріне қатысты қандай сөз бар соның бәрі хатталып, шотталып, ІТ платформаға енгізіліп цифрландырылған электронды қор жүйесінде тұруға тиіс. Мұны жұрт «ұлттық корпус» деп атап жүр. Ұлттық корпус жасауда біз әлі табалдырықта тұрмыз. Ал анау дамыған ағылшындар 524 миллион, тіпті көршіміз Ресей 990 миллион сөзқолданысын хаттап қойыпты.
Ең алдымен Корпус дегеніміз не? Корпус – мəтіндерді электронды түрде жинауға негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе.
Жалпы мәтіндерді электронды түрде жинақтау тәжірибесі 1960 жылдан бастау алады. Ең алғашқы Браун корпусы У.Фрэнсистің жетекшілігімен жүзеге асырылып, оған 1 млн. сөзқолданыстан тұратын әдеби мәтіндер енгізілген.
Компьютер мүмкіндігі өсіп, үлкен көлемді мәтіндермен жұмыс істеу қолжетімді болуына байланысты 1980 жылдары әлем лингвистері үлкенірек корпустар құруға талпына бастады.
Ұлыбританияда мұндай жобалар Бирмингем университетіндегі ағылшын Банкі (Bank of English) және Британ ұлттық корпусы (British National Corpus, BNC) болды. КСРО-да - А.П. Ершовтың бастамасымен құрылған орыс тілінің машиналық қоры.
Бүгінгі күні әлемнің бірқатар тілдерінде (американдық ағылшын, британ, француз, чех, орыс және т.б.) өздерінің ұлттық корпустары бар, олар бір-бірінен мәтіндерді ғылыми өңдеудегі толықтығы мен ғылыми деңгейі арқылы ерекшеленеді.
Мақсатты межеге жету үшін біз Ұлттық жоба бойынша жыл сайын қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасының көлемін ең кем дегенде 10 млн. сөзге арттырып отыратын боламыз. Бұл мақсат «Ұлттық рухани жаңғыру» Ұлттық жобасында» да қарастырылған.
Жалпы, Ұлттық корпустар тілді ана тілі немесе шет тілі ретінде үйрету үшін де маңызды. Әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары корпусқа бағытталған. Кез келген шетелдік азамат, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманы қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады.
Қажетті сөздіктер корпус базасына негізделіп құрастырылатын болады. Корпус базасы үнемі үздіксіз жетілдіріліп, толықтырылып отырады.
Сонымен Ұлттық корпус – бұл қазақ тілінің бір жүйеге кіріктірілген тілдік материалдарының базасы ғана емес, сондай-ақ виртуалды кеңістікте мемлекеттік тілдің семантикалық кеңістігін кеңейту, ақпараттық таралу ауқымын кеңейту, тілдік ресурстарға жаппай қол жеткізу тетігі. Ұлттық корпусты кәсібі бойынша қажеттілігі бар немесе тілдің құрылымы туралы білгісі келетін жұртшылық пайдалана алады.
Корпус тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет, ақпаратты іздеу, ауқымды материалдарды талдау, өңдеу, статистикалық мәліметтерді алу оңтайланады, қажетті сөздіктерді корпус базасы негізінде құрастыруға болады.
Жалпы, әлемдік тәжірибеде тілдің ұлттық корпусы түрлі тақырыптағы кіші корпустардан тұрады. Олар: газеттік, тарихи, поэтикалық, синтаксистік, мультимедиялық және де басқа тілдің ұлттық кіші корпустары бар.
Мысалы А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Қазақ тілі ұлттық корпусын алғаш жасауда тілдің бес стилін қамтыған болатын. Ал 2021 жылы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ғылыми-практикалық орталығы публицистикалық мәтіндердің кіші корпусы бойынша жұмыс жүргізді.
Публицистикалық мәтіндер корпусына «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Заң» газеттерінде жарияланған мақалалардың электронды көшірмелері енгізілді.
Алдағы уақытта публицистикалық стильдің басқа да ішкі жанрларын қамту, сондай-ақ басылым кезеңдері бойынша ұлғайту және дереккөздердің атаулары бойынша кеңейту көзделуде.
Тегінде, ұлттық корпусты қалыптастыру барысында мәтінге 12-20 параметрлік метабелгілер (мәтін авторы, мәтін тақырыбы, мәтін стилі, жанр, мәтін түрі, хронотоп, дереккөз, басылым мерзімі және т.б.) жасалды.
Былтыр корпустың «Qazcorpora.kz» сайты іске қосылды.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен жүзеге асырылып жатқан аталмыш жобаны әзірлеуге Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО, А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Қазақ ұлттық университеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті; Назарбаев Университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Баишев университеті, «Minialgo» ЖШС, «Qazkitap баспасы» ЖШС атсалысты.
Ұлттық корпусты қалыптастыруға еліміздегі ғылыми институтар мен орталықтар, жоғары оқу орындары атсалысқанымен олардың сайттарын интеграциялау арқылы жасалған корпусты жүйелеп, бір арнаға құйылуы, іздеген кезде бір жерден таба алатындай ортақ сайтқа жинақталуы мәселесі қолға алынды.
Тіл тек қарым қатынас құралы ғана емес, ол – ғылым. Яғни, сол тілді құрайтын әр сөзді, сөздің қолданысты түгендеп, оның қайда, қалай, қай салалаларда, қандай жиілікте қолданылатынына дейін анықтап, ІТ платформаға жинақтап, енгізіп отырғанда ғана корпустың тиімділігі артады. Қазақты қазақ етіп тұрған оның тілі десек, сол тілдегі әр сөз ұлттың байлығы. Ал оны жинақтап корпусқа енгізу – қазақ тілін ғылым тіліне, ІТ платформалар мен техника тіліне айналдырудың, әлемдік сұраныстағы тіл деңгейіне көтерудің басты қадамы.

Тіл саясатын іске асыру
09 февраля 2022
КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН "ОҚЫТУШЫЛАР"

…Баяғыдай тіл үйрену үшін том-том кітап арқалап жүретін немесе оқытушының алдында қаздиып отырып, қазіргі тілмен айтқанда офлайн сабақ алатын заман өтіп барады. Олардың орнын ақпараттық порталдар, сайттар мен мобильдік қосымшалар басып келеді. Яғни, тіл үйренуге құлықты адам керегін интернеттен оп-оңай тауып ала қоятындай жағдай туғызуымыз керек.
Соңғы жылдарда азаматтардың тілді оқып, үйренудегі заманауи сұранысын қанағаттандыру мақсатында ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл комитеті осындай 11 ІТ өнім әзірледі. Күн санап қаралымы артып келеді. Әрине, ондай аса қажетті дүниенің бар екендігінен біраз жұрт бейхабар болуы да мүмкін. Сондықтан бұл өнімдер кімге не береді, қайдан тауып, қалай пайдалануға болады деген сұрақтарға жауап бергенді жөн көрдік.
https://tilqural.kz — қазақ тілін өздігінше меңгеруге арналған портал;
https://emle.kz — емле ережелерінің дұрыс түзіліп, нормаланған нұсқалары берілген, сауатты дұрыс жазу тәртібі, дұрыс айту және ресми құжаттарда тыныс белгілерін дұрыс қою тәртіптері көрсетілген орфографиялық электрондық база;
https://tilmedia.kz — қазақ тілін өздігінше меңгеруге арналған портал;
https://balatili.kz — балаларға арналған қазақтілді танымдық сайт;
https://abai.institute – шетелдегі қандастарға қазақ тілін оқыту бойынша портал;
https://termincom.kz — ҚР Үкіметі жанындағы Республикалық терминологиялық комиссиясының базасы;
https://tilalemi.kz — тіл саясатын жүзеге асыру саласындағы жаңалықтар, лингвист ғалымдардың мақалалары, республикалық шаралардың ережелері және т.б. тоғыстырылған портал;
https://sozdikqor.kz — әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздер мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне сөздерді, кірме сөздерді, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасын көруге мүмкіндік беретін платформа;
https://qazcorpora.kz — мəтіндерді электронды түрде жинауға негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе;
https://qujat.kz — барлық сала құжаттарының қазақша үлгісі мен қатесіз толтыру нұсқаулығы берілген сайт;
https://atau.kz — республика аумағындағы көше, мәдени мекемелер мен түрлі нысандарға берілген атаулар жинақталған электрондық база;
https://qazlatyn.kz/сайт — латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін насихаттауға бағытталған ұлттық портал;
https://qazlatyn.kz/конвертер — кирилл графикасынан қазақ тілінің латыннегізді әліпбиіне жылдам көшіруге мүмкіндік беретін платформа;
https://tilqazyna.kz — тіл саясаты мәселелеріне қатысты танымдық сайт.
Порталдарды Android, iOS платформалары арқылы жүктеп алуға болады.
Порталдардың танымалдылығы тез артып келе жатқанын жоғарыда айтып өттім.
Былтырғы жылы балабақша, мектеп, жоғары оқу орындарының 20 мыңнан аса оқытушылары мен әдіскерлеріне аталған порталдардың таныстырылымы өткізілді. Пайдаланушылар санының күрт артуына осы таныстырылымның себі тигені анық.
Енді жоғары оқу орындары құнды контентті оқу процесіне қосымша әдістемелік құрал ретінде енгізіп, ресми сайттарына орналастыруда. Бүгінде порталдарды мекемелерінің ресми сайттарының басты парақшасына орналастырған білім ошақтарының саны 30-ға жуықтап қалды.
Мәселен Т.Қ.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясы порталдарды сынақтан өткізіп, қазақ тілі, кәсіби қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, философия, мәдениеттану, шет тілі, кәсіби бағытталған шет тілі пәндері бойынша оқу процесіне бейімдеп енгізуде.
Қарағанды индустриалды университеті сайттарды оқу және ғылыми процесте пайдаланып, студенттерді «Серпін» бағдарламасы шеңберінде оқыту кезінде және 1 курс студенттеріне қазақ тілін оқыту барысында пайдалану үстінде.
Бүгінгі күні аталмыш мекеме «Termincom.kz», «Sozdikqor.kz» порталдарын «Мемлекеттік тілде іс жүргізу», «Еңбек экономикасы», «Өндірісті ұйымдастыру және жоспарлау», «Коммутациялық жабықтар» және т.б. пәндерге бейімдеу жұмыстарын жүргізуде.
Жалпы оқу процесіне жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру, қазіргі заманғы ғылым, білім, техника және экономика, қоғамдық-әлеуметтік бағыттар бойынша салааралық терминдерді біріздендіру, табиғи тілдік ресурстарды жинау, қалыпқа келтіру, ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасымен танысу мақсатында құрылған «Sozdikqor.kz», «Emle.kz», «Termincom.kz» сайттарын оқу процесіне бейімдеп енгізуден ұтарымыз көп.
Былтыр қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусы қолданысқа енгізілген болатын. Аталмыш жобаны «Qazcorpora.kz» сайтынан көріп, қолдана аласыз.
Аталған қолданыстағы IT өнімдер мемлекеттік органдардың интернет порталына (ИПГО), Қазақстан Республикасы бойынша бірыңғай білім беру порталы «kundelik.kz»-ке, орталық атқарушы органдардың (барлығы 32 мекеме) gov.kz ресми парақшаларына, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен ҚР Жоғарғы сотының, 30-ға жуық жоғары оқу орындарының, ҚР Ұлттық кітапханасы мен Әл-Фараби атындағы кітапхананың сайттарына орналастырылды.
… Қым-қуыт заман. Асыққан адам. Келе-келе тілді оқытушының алдына барып үйренетіндерден гөрі, құлақүншені (наушник) киіп алып, телефоннан тіл үйретуші порталдың сабақтарын қосып қойып, автобуста бара жатып, жұмыстан келе жатып, үйде ас даярлап жүріп үйрену дағдыға айналатын түрі бар. Сол кезде бұл порталдардың көзге көрінбейтін оқытушылар рөлін атқарары анық.

Оқу-әдістемелік жұмыс
26 января 2022
ПАЙДАЛАНУШЫЛАР САНЫ АРТУДА

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қазақ тілін оқыту курстарын алдыңғы қатарлы білім беру платформаларына енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде.
Мемлекеттік бағдарлама аясында халықтың қазақ тілін өз бетінше үйренуіне арналған «Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Tilqural.kz» тәрізді тиімді бағдарламалар жұмыс істейді.
«Tilqural.kz» (А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша қазақ тілін оқыту) электронды порталының ерекшелігі - Android, iOS платформалары арқылы жүктеп алудың қолжетімділігі мен мүмкіндігі. Сондай-ақ порталдағы электронды оқулықтарды смартфонға жүктеп алуға болады.
2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тілін Қазақстанда және шетелде оқыту және ілгерілету бағдарламасы аясында әзірленген «Аbai.institute» веб-порталының таныстырылымы өтті. Бұл ел азаматтарына, шетелдегі қазақ диаспорасына және шетел азаматтарына қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Сондай-ақ «Аbai.institute» мобильді қосымшада қолжетімді.
Жоба Гете институты немесе Пушкин институтына негізделіп жасалған. Портал 6 тілде (қазақ, ағылшын, француз, неміс, орыс, түрік) қолжетімді.
«Аbai.institute» білім беру жобасы негізінде мұғалімдер мен оқытушыларға арналған біліктілікті арттыру курстары өткізілуде. Сондай-ақ Түркия, АҚШ, Ресей, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия және Өзбекстанда қазақ тілі кабинеттері ашылып, офлайн және онлайн оқыту жүргізілуде.
Бұдан басқа, көпшілікке арналып жасалған «Emle.kz», «Sozdikqor.kz», «Теrmincom.кz» порталдары сөздік қорды толықтыруға және тұтынушының қазақ тілін білу деңгейін арттыруға көмектеседі.
Тағы бір маңызды жобалардың бірі «Қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусы» (бұдан әрі – корпус) болып табылады.
Кіші корпус - жазбаша және ауызша мәтіндердің электронды түрде жинақталған ақпараттық-анықтамалық базасы. Ол іздеу нәтижесін табиғи контексте көрсетеді. Корпустың мақсаты – тіл ресурстарын жинақтап, тілді нормаландыру, жүйелендіру, нәтижесін көпшілікке пайдалануға ұсыну.
Әлемнің көптеген тілдерінде өздерінің ұлттық корпустары бар, олар мәтіндердің толықтығы мен ғылыми өңделу деңгейі бойынша бір-бірінен ерекшеленеді, мысалы, Британдық ұлттық корпус, Чех ұлттық корпусы, орыс тілінің ұлттық корпусы және т.б.
Публицистикалық мәтіндер корпусына дереккөз ретінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Заң», «Түркістан» газеттерінің соңғы жылдардағы материалдары алынды. Бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын осылайша бір базаға жинақтау, оларды теориялық және қолданбалы зерттеулерге пайдалануға, сөздіктер құрастыруға, тілді оқытуда қолдануға ыңғайлы әрі қолжетімді етеді.
Корпустың көмегімен кез-келген адам бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманы қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады.

«Tilalemi.kz» - тіл саясатын жүзеге асыру саласындағы жаңалықтар, лингвист ғалымдардың мақалалары, республикалық конкурстардың, іс-шаралардың ережелері және т.б. орналастырылған портал. Сонымен қатар порталда кітаптар, мультимедиялық бағдарламалар, сөздіктер мен журналдар орналастырылған.

«Аbai.institute». 2020 жылғы 18 қарашада Нұр-Сұлтан қаласында қазақ тілін Қазақстанда және шетелде оқыту және ілгерілету бағдарламасы шеңберінде әзірленген «Аbai.institute» веб-порталы таныстырылды. Бұл-еліміздің азаматтарына, шетелдегі қазақ диаспорасына және шетел азаматтарына қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін насихаттауға мүмкіндік беретін бірегей жоба. Сондай-ақ, «Аbai.institute» Android және iOS қолдайтын мобильді қосымшада қолжетімді. Жоба Гете институты немесе Пушкин институты негізінде жасалған.
Портал 6 тілде (қазақ, ағылшын, неміс, француз, орыс, түрік, парсы) ұсынылған. Бүгінгі күні порталды пайдаланушылар саны - 20 183 адам.
Сондай-ақ Ресей, Түркия, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия елдеріндегі қазақ диаспорасы үшін қазақ тілін оқыту курстары өткізілді.
2021 жылы аталған жоба аясында АҚШ, Ресей, Түркия, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия, Өзбекстан елдеріндегі қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру курстары өткізілді.
Сонымен қатар шетелдегі қазақ диаспорасына арналған қазақ тілін үйрететін әмбебап басылым әзірленді. А1, А2 деңгейлері бойынша басылымның контенті қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде әзірленіп, «Abai.institute» онлайн платформасына орналастырылды.
Жоба аясында Түркия, АҚШ, Ресей, Франция, Германия, Бельгия, Иран, Моңғолия және Өзбекстанда қазақ тілі кабинеттерін ашу арқылы офлайн және онлайн оқыту жүргізілуде.
Жобада «Отандастар қоры» АҚ ерекше рөл атқарады, ол шетелдегі отандастармен жұмысты ұйымдастырады және жоғарыда аталған елдердегі қазақ тілі кабинеттерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етеді.
Портал Android Және iOS қолдайтын мобильді қосымшада қол жетімді.

«Tilqural.kz» - қазақ тілін оқытуға арналған веб-сервис. Сайтта қазақ тілін білмейтін ересектерге А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде тіл үйренуге мүмкіндік беретін онлайн-курс бар. Тіркелгеннен кейін пайдаланушы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін тестілеуден өтеді. Тестілеу нәтижелері бойынша жүйе оқу курсын ұсынады (5 деңгейдің бірі).
Сайт сөздік қорын толықтыруға, жаңа сөздердің мағынасын түсінуге және оларды күнделікті өмірде қолдануға, еркін оқуға, өз ойын ауызша да, жазбаша да жеткізуге, сөздерді дұрыс дыбыстауға, сөйлемдерді сауатты құрастыруға мүмкіндік береді.
Пайдаланушы жеке кабинетінде орындалған сабақтар бойынша статистиканы көре алады.
Қызметті Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге болады.

«Tilmedia.kz» - 2017 жылы құрылған үштілді «Tilmedia.kz» сайты қызықты және тиімді тәсілдер арқылы қазақ тілін үйренуге болады.
Сайт жұмысы мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін насихаттауға, олардың қолданылу аясы мен әдістемесін кеңейтуге бағытталған. Тілдерді оқыту әдістемесі аудио және бейне мазмұнға негізделген.
Сайтта латын және араб графикасы қарастырылған.
Сайт «ақпарат», «қара», «тыңда», «оқы», «сұрақ-жауап» атты 5 блогтан тұрады және онда тіл саясаты саласындағы өзекті мәселелер туралы жаңалықтар, сабақтар, сабақтар, танымдық аудиожазбалар, балалар мен ересектерге арналған бейнероликтер, аудиокітаптар, әдістемелік құралдар, көркем және балалар әдебиеті және т.б. орналастырылған.

«Вalatili.kz» сайты қазақ тілін оқып, дамытқысы келетін үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналады. Сайт интуитивті іздеу жүйесі мен ыңғайлы навигация жүйесі бар онлайн платформа негізінде жұмыс істейді.
Сайтта баланың өзіндік жұмысына арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға әдістеме парақтары ұсынылған.
Грамматика мен орфографияны үйренуге арналған материалдар, соның ішінде интерактивті әліпби мен ойындар, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған тапсырмалар, қосымшалар қарастырылған.
Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылған.
Мамандардың лингвистикалық мәселелерге қатысты мақалалары, ғылыми еңбектері, сондай-ақ балабақшалар мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған оқу құралдары мен сабақ жоспарлары жарияланады.

«Emle.kz» сайты қазақша дұрыс жазу, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылды. Деректер базасында қазақ тілінің өзекті орфографиялық сөздігі, орфография ережелері, осы салаға қатысты ғылыми әдебиеттер бар. Сайттың «Әдеби тіл нормалары» блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, «Орфография» блогында сөздердің дұрыс жазылу ережелері беріледі. Сондай-ақ кірме сөздер мен терминдік мәнге ие сөздердің бұрынғы және қазіргі жазылу барысындағы айырмашылықтары салыстырмалы түрде көрсетіледі. «Пунктуация» блогында тыныс белгілердің қойылу ретіне байланысты ережелер енгізілсе, «Аббревиатура» блогында қысқарған сөздер, олардың толық атаулары, қысқарылу реті, атаулар мен сөздерді қысқарту барысында басшылыққа алынатын қағидалар мен сүйенетін заңдылықтар келтіріледі. «Мақалалар» блогында осы саладағы ғалымдардың ғылыми мақалалары келтірілген. Оқырман автормен байланысып, мақаланың астына пікір қалдырып, сұрағына жауап ала алады.

«Termincom.kz» сайты Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді бірыңғай электрондық базаға үздіксіз енгізу, қазіргі заманғы ғылым, білім, техника және экономика, қоғамдық-әлеуметтік бағыттар бойынша салааралық терминологиялық қорды біріздендіру және жетілдіру мақсатында құрылды.
Бұл терминологиялық лексиканы біріздендіруге, терминологиялық қорды толықтыруға, терминдер мен атауларды қазақ тілінің нормаларына сәйкес реттеуге, терминологиялық атауларды пайдалану тиімділігін арттыру үшін қалың жұртшылыққа арналған ақпараттық құралдың бір түрі.
«Termincom.kz» электрондық сайты «Бекітілген терминдер», «Терминдер хронологиясы», «Қолданыстағы салалық терминдер», «Ойталқы», «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-әдіcтемелік негіздер» және «Іздеу» блоктарынан тұрады.
«Бекітілген терминдер» блогында Республикалық терминологиялық комиссиясында мақұлданған терминдер орналастырылса, «Терминдер хронологиясында» терминдердің бекітілу мерзімдері және олардың сөздік ретінде жарық көруінен мәліметтер беріледі.
«Қолданыстағы салалық терминдер» блогында Республикалық терминология комиссиясының мақұлдауымен жарық көрген терминологиялық сөздіктер салынды.
«Ойталқы» айдарында бекітуге ұсынылатын терминдерге қатысты әрбір оқырман өз ой-пікірін қалдыра алады.
«Ғылыми-әдістемелік негіздер» блогында терминжасам мәселелеріне қатысты еңбектер ұсынылып отыр.

«Sozdikqor.kz» - әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздермен және тұрақты сөз тіркестерімен, ескірген қазақ сөздерімен, кірме сөздермен, ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасымен танысуға мүмкіндік беретін алғашқы әмбебап платформа.
Базаға 400 000 сөз, 1 243 850 тілдік бірлік жүктелген.
Порталға 60-қа жуық түрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялар енгізілген. Атап айтқанда, 15 томдық Қазақ әдеби тілінің сөздігі, Абай сөздігі, Ахмет Байтұрсынов энциклопедиясы, қазақ тілінің синонимдер сөздігі, қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі және т.б.
Порталдың іздеу жүйесі арқылы сөздердің анықтамасын, синонимдерін, антонимдерін, омонимдерін, сөздердің фразеологиялық тіркестерде кездесу жиілігін білуге болады.
2021 жылы «синонимайзер» функциясы қосылды, тестілеу кезеңі өткізілуде. Кілт сөздерді дыбыстандыру функциясы бар.
Порталдың мобильді қосымшасын Goolge Play және App Store-дан жүктеуге болады. @Sozdikqor.kz тelegram-бот жұмыс істейді.

«Qujat.kz» - құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде сауатты әзірлеу бойынша үлгілер мен нұсқаулықтар берілген электрондық база.
Сайтта іс қағаздарын жүргізу 2-ге бөлінген: «кеңсе» және «кадр» құжаттары, онда құжаттардың жеке үлгілері ұсынылған.
Құжаттарды іздеудің 3 түрі қолданылады: түрі және атауы бойынша және әріп бойынша жүйелі іздеу.
Құжаттардың екі жүзден астам үлгісі (қазақ және орыс тілдерінде) PDF және DOC нұсқаларында қолжетімді.
Құжаттардың үлгілеріне онлайн өзгерістер енгізуге арналған сервис жұмыс істейді.
Сайтта «Құқықтық негіз», «Мақалалар», «Кітапхана», «Терминдер», «Сұрақ-жауап» бөлімдері орналасқан.

«Qazlatyn.kz» (портал және конвертер) - еліміздегі латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін негізгі ұлттық портал.
Порталдың көпфункционалды конвертері мәтіндерді кирилден латынға және төте жазуға онлайн сәйкестендіруге мүмкіндік береді. Конвертердің ішкі ядросы (кодтары) «Яндекс переводчик» веб-сервисіне орналастырылып, қазіргі таңда «казахский (латиница)» деген жазумен халықаралық деңгейдегі тілдер қатарына қосылды.

«Atau.kz» - ономастика саласындағы сайт.
Сайтқа Қазақстан бойынша көшелердің, мәдениет, білім беру мекемелерінің, түрлі объектілердің атаулары жинақталған.
Сондай-ақ базада Қазақстан Республикасындағы жерлер мен су айдындары атауларының толық тізбесі бар.
Пайдаланушылар объектілерге атау беру ережелерімен, ономастика жөніндегі нормативтік-құқықтық құжаттармен, ұлттық және өңірлік ономастика комиссиялары туралы ақпаратпен, ономастика жөніндегі әдебиеттер тізімімен және зерттеу жұмыстарымен таныса алады.

«Qazcorpora.kz» қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусы – «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылып жатқан жобалардың бірі.
Корпус – белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды түрде жинақталуына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе. Корпусты құрудың негізгі мақсаты – табиғи тілдік ресурстарды жинау, қалыпқа келтіріп, жүйелендіру, нәтижелерді ұтымды пайдалану үшін тұтынушыларға ұсыну.
Ұлттық корпус – бұл қазақ тілінің бір жүйеге кіріктірілген тілдік материалдарының базасы ғана емес, сондай-ақ виртуалды кеңістікте мемлекеттік тілдің қызмет етуін, семантикалық кеңістігін кеңейту, ақпараттық таралу ауқымын кеңейту, тілдік ресурстарға жаппай қол жеткізу тетігі. Цифрландырылған жүйе түріндегі қазақ тіліндегі мәтіндердің базасын көрсететін осы ақпараттық-анықтамалық ашық жүйе ұлттық тіл тіршілігінің белгілі бір кезеңінде (немесе кезеңдерінде) әдеби тіл стилінің, тілдік қолданудың барлық түрлерін жинақтайды және тұтынушыға ұсынады.
Жоба жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, доцент Аитова Н. Н., техникалық сүйемелдеу бойынша жетекшісі – М. Бақытқызы. Жоба жұмысына филолог ғалымдар, келесі отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың сала мамандары қатысты:
- А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты;
- Қазақ ұлттық университеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ;
- Л. Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті;
- Назарбаев Университеті;
- Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті;
- Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті;
- Баишев университеті;
- «Minialgo» ЖШС;
- «Qazkitap баспасы» ЖШС.
Публицистикалық мәтіндер корпусына «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Заң» газеттерінде жарияланған мақалалардың электронды көшірмелері енгізілді.
Әлемнің негізгі тілдерінің көпшілігінде өздерінің ұлттық корпустары бар, олар бір-бірінен мәтіндерді ғылыми өңдеудегі толықтығы мен деңгейі арқылы ерекшеленеді.
Қазіргі әлем тілдері ішінде мойындалған корпус – «Британдық ұлттық корпус» (BNC), көптеген басқа заманауи корпустар соған бағытталған. Прагадағы Карл университетінде құрылған чех ұлттық корпусы да ерекше орын алады, Орыс тілінің ұлттық корпусы да қарқынды дамуда.
Ұлттық корпустың мүмкіндіктері:
- тілді ана тілі немесе шеттілі ретінде үйрету үшін қажет (әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары қазір Корпусқа бағытталған. Кез келген шетелдік, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманың қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады);
- тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет;
- ақпаратты іздеуді оңтайландырады;
- ауқымды материалдарды талдау, өңдеуді, статистикалық мәліметтерді алуды оңайлатады;
- қажетті сөздіктерді корпус базасына негізінде құрастыруға болады;

Мәтінге 12-20 параметрлік метабелгілер (мәтін авторы, мәтін тақырыбы, мәтін стилі, жанр, мәтін түрі, хронотоп, дереккөз, басылым мерзімі және т.б.) жасалды.
Алдағы уақытта публицистикалық стильдің басқа да ішкі жанрларын қамту, сондай-ақ басылым кезеңдері бойынша ұлғайту және дереккөздердің атаулары бойынша кеңейту көзделуде.

26 декабря 2021
ҚАЗЫБЕК ИСА: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МАТРИЦАСЫН ЖАСАУ - ҮЛКЕН ҚАДАМ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен әзірленген «Қазақ тілі ұлттық корпусы публицистикалық мәтіндер кіші корпусының» тұсаукесер рәсімі өтті.
Аталған іс-шара «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында іске асырылуда.
Лингвистикалық корпус – жазбаша және ауызша мәтіндердің электронды түрде жинақталған ақпараттық-анықтамалық базасы. Ол іздеу нәтижесін табиғи контексте көрсетеді. Корпустың мақсаты – тіл ресурстарын жинақтап, тілді нормаландыру, жүйелендіру, нәтижесін көпшілікке пайдалануға ұсыну.
Ғалымдар, тіл білімі және ІТ саласы мамандары, зиялы қауым және БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен корпустың тұсаукесер рәсімінде Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаев қазақ тілі ұлттық корпусы мәтіндік базасының көлемі жыл сайын арттырылып отыратынын жеткізді.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса бастамаға сәттілік тілей отырып, «Әлем цифрландыруға көшіп жатқанда көштен қалмай ілесу, қазақ тілінің матрицасын жасау - үлкен қадам», - деп атап өтті.
Публицистикалық мәтіндер корпусына дереккөз ретінде «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Заң», «Түркістан» газеттерінің соңғы жылдардағы материалдары алынды. Бұқаралық ақпарат құралдары материалдарын осылайша бір базаға жинақтау, оларды теориялық және қолданбалы зерттеулерге пайдалануға, сөздіктер құрастыруға, тілді оқытуда қолдануға ыңғайлы әрі қолжетімді етеді.
Корпус таныстырылымына қатысқан Ресей, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан ғалымдары жобаға бағаларын беріп, ұсыныстарын білдірді.
Татар тілінің ұлттық корпусын әзірлеуші Мансур Сайхунов «Аталмыш корпустың орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс жасауы оны өзге ұлт өкілдерінің де қолдануына үлкен мүмкіндік береді. Мобильді нұсқасы іске қосылса, тұтынушылар үшін тиімді болар еді»,- деді.
Бұл маңызды жобаны әзірлеуге Тіл саясаты комитетінің «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы», А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Назарбаев Университет, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Байішев университеті, «Minialgo» ЖШС, «Qazkitap баспасы» ЖШС мамандары қатысты.

Қазақстан Республикасының тіл заңнамасын іске асыру
30 ноября 2021
«САУАТТЫ ЖАРНАМА – ТІЛ АБЫРОЙЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен «Сауатты жарнама – тіл абыройы» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өткізілді.
Көрнекі ақпарат саласындағы түйткілді мәселелерге қоғамның назарын аудару, сыртқы көрнекі ақпарат мәтіндерінің сауаттылығын арттыру, аудармашы мамандарды ынталандыру және республика аумағында тіл заңнамасының орындалуына атсалысып жүрген азаматтарға қолдау көрсетуді мақсат тұтқан шараға кәсіпкерлік субъектілері, шағын және орта бизнес өкілдері, жеке тұлғалар қатысты.
Республикалық байқауға өңірлік байқаулардың іріктеу кезеңінің жеңімпаздары қатысты.
Байқау ережесіне сәйкес мекемелердің аудармашы мамандары соңғы 3 жылда әзірлеген/аударған жарнама үлгілерін ұсынса, жеке азаматтар 2021 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында тіл заңының талаптарына сәйкестендірілген жарнама объектілері туралы ақпарат ұсынды.
Қатысушылар ұсынған материалдарды мұқият сараптаған әділқазылар алқасының шешімімен «Ақмола дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталығының әдіскері Мөлдір Демеуова және Қостанай облысы «PROПеревод» бюросының маманы Сонмез Елена І орынға лайықты деп танылды.
Ақмола облысындағы «Билборд» жарнама агенттігінің директоры Дмитрий Холин және Шығыс-Қазақстан облысының тұрғыны Құрманғалиев Ермек ІІ орынды теңдей бөлісті.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласындағы «Астана ақшамы» газетінің веб-редакторы Төлеуғалиев Таңатар мен қарағандылық аудармашы Алдабергенова Аяш ІІІ орынды иеленді.
Барлық қатысушылар диплом, алғыс хат және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Тіл саясатын іске асыру
30 ноября 2021
"МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ЖӘНЕ БАҚ" КОНКУРСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Бүгін Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында «Тәуелсіз елдің тілі» тақырыбында ұйымдастырылған «Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсы мәресіне жетті.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, нағыз тіл жанашырын анықтайтын конкурс биыл он алтыншы рет ұйымдастырылды.
Ережеге сәйкес ел аумағындағы БАҚ-та жарияланған журналистік еңбектердің мазмұны мемлекеттік тілдің қызмет ету аясын кеңейту, мәртебесін нығайту, мемлекеттік тілдің қазіргі ахуалын талдау және оған мониторинг жүргізуге бағытталған.
«Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық конкурсына төрт номинация бойынша 131 журналистен 300-ге жуық материал келіп түсті.
Конкурсқа ұсынылған еңбектерді елімізге белгілі журналистерден құрылған арнайы қазылар алқасы сараптап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді анықтады.
Мерзімді басылымдардан «Үздік мақала» аталымына 137 материал жолданса, «Үздік сайт мақаласы» номинациясына 59 материал қабылданды. Ал «Үздік радиобағдарлама» аталымына 17 радиохабар ұсынылса, «Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша 73 материалдан үздік үштік анықталды.
«Үздік мақала» номинациясы бойынша 3-орынды «Айқын» газетінің тілшісі Абылайхан Жұмаш, 2-орынды «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Думан Анаш, ал 1-орынды «Солтүстік Қазақстан» газетінің тілшісі Ақмарал Есдәулетова иеленді.
«Үздік сайт мақаласы» номинациясы бойынша 3-орын журналист Ерғали Серікке, 2-орын «Nege» сайтының журналисі Динара Мыңжасарқызына, 1-орын «Qazaq» газеті сайтының журналисі Ермек Жұмахметұлына бұйырды.
«Үздік радиобағдарлама» номинациясы бойынша 3-орынды «Жамбыл» радиосының редактор-жүргізушісі Жұлдыз Бейсек, 2-орынды «Халық» радиосының редакторы Раушан Сыбанжанова, 1-орынды «Шалқар» радиосының жетекші редакторы Оңғар Құрал қанжығасына байлады.
«Үздік телебағдарлама» номинациясы бойынша 3-орынды «Алматы» телеарнасының тілшісі Мадина Оқас, 2-орынды «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының тілшісі Қозы Көрпеш Жасаралұлы, 1-орынды «ҚазАқпарат» агенттігінің редакторы Азамат Нұғыманов иеленді.
Бас жүлдеге «Түркістан» газетінің тілшісі Әлия Тілеужанқызы лайық деп танылды. Жүлдегерге 1 000 000 теңгенің сертификаты табысталды.
Конкурстың ұйымдастырушысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлестері үшін барлық қатысушыларға алғысхаттар жолдады.

Тіл саясатын іске асыру
26 ноября 2021
«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «ҚАЗАҚ ТІЛІ» ҚОҒАМЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ VI ҚҰРЫЛТАЙЫ ӨТТІ

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында 2021 жылғы 26 қарашада Түркістан қаласында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің VI Құрылтайы өтті.
Құрылтай жұмысына Қоғамның өңірлердегі 37 филиалынан 56 делегат қатысты және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Е. Көшербаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Л. Тоғжанов, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетов, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары қонақ ретінде қатысты.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың және Мемлекет басшысы
Қ.К. Тоқаевтың Құрылтай делегаттарына құттықтауын жеткізді.
Одан әрі Қ.Е. Көшербаев Қоғамның атқарған жұмысына баға беріп, өткізілген Құрылтайдың маңыздылығына тоқталды, мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыруға қатысты тапсырмаларды белгіледі.
Құрылтайда Қоғамның атқарған қызметі бойынша оның Орталық Кеңесінің жазба есебі талқыланды, алдағы бес жылға арналған Бағдарламасы, жаңа редакцияда жазылған Жарғысы қабылданды.
Сонымен қатар, Құрылтай барысында делегаттардың ашық дауыс беруі арқылы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жаңа Президенті болып ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, ал вице-президенттері болып ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі Максим Рожин мен А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Мұратқызы Фазылжанова сайланды.
Қоғамның құрылтайлар аралығындағы басшы органы болып табылатын Орталық кеңесінің жаңа құрамына Қазақстан Республикасы Парламентінің қос палатасының депутаттарынан, Қоғам филиалдарының төрағалары мен зиялы қауым өкілдерінен тұратын 47 адам сайланды. Ал Қоғамның құрылтайлар аралығындағы атқарушы органы болып табылатын Орталық кеңес Басқармасының жаңа құрамына 17 адам сайланды.
Құрылтай барысында Қоғамның өңірлерде және ірі кәсіпорындарда филиалдары құрылатындығы, сонымен қатар Қоғамның бас кеңсесін Алматы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына көшіру жұмысы жүргізілетіні мәлім болды.
Құрылтай жұмысының соңында Құрылтайдың қаулысы қабылданып, Қоғамның филиалдары (бастауыш ұйымдары) мен Орталық кеңесінің нақты атқаратын жұмыстары белгіленді.
Құрылтай барысында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес қоғам қайраткері, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен, Қоғамның Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Сәдуақас Аңсат «Парасат» орденімен, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым Анар Фазылжанова «Құрмет» орденімен марапатталды.

Терминологиялық жұмыс
25 ноября 2021
ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ ТЕРМИНДЕРДІ БІРІЗДЕНДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ОНЛАЙН-СЕМИНАР ӨТТІ

2021 жылғы 25 қарашада «Қазақ терминологиясының мазмұны мен құрылымы» электрондық алаңы аясында «Лингвистикалық терминдерді біріздендіру» тақырыбында онлайн-семинар өтті.

«Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ атқарушы директорының орынбасары Лиза Қожаққызы Есбосынова кіріспе сөзінде қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі орны жөнінде ой қозғап: «Қазақ тілін толыққанды ғылым тіліне айналдырудың бір көрсеткіші – салалық терминдер. Ал бүгінгі күннің өзекті мәселесі – сол терминдердің сандық та, сапалық та деңгейін арттыру. Оның бірден-бір жолы – терминдерді біріздендіру. Шараның мақсаты – лингвистикалық терминдерді біріздендіруге үлес қосу» деп атап өтті.

«Тіл-Қазына» орталығы Терминология басқармасының басшысы, ф.ғ.к. Бақытгүл Дәуітбекқызы Ысқақ «Лингвистика саласындағы офлайн- конференциялар: нәтижелер, ұсыныстар» тақырыбында баяндама жасады.

Онлайн-семинар барысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.к. Л.Ә.Еспекова, «Тұран-Астана» университетінің профессоры, ф.ғ.к. Г.Т.Кәріпжанова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының докторанттары А.Қ.Қожахмет, А.Н.Ахмет сынды ғалымдар мен докторанттар фонетика, морфология, синтаксис терминдері жайында пікір білдірді.

Іс-шара соңында жоғары оқу орындары ғалымдарына сараптамаға ұсынылатын терминдер тізімі әзірленді.

Тіл саясатын іске асыру
12 ноября 2021
ТӘУЕЛСІЗДІК ТҰҒЫРЫ – МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» тақырыбымен онлайн форматта өткен республикалық байқау мәресіне жетті.
Өзге ұлт жастары арасында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту және мемлекеттік тілді меңгерген қоғамдық белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыруды мақсат еткен шараға республиканың 14 облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан іріктелген үздіктер қатысты.
Мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеген 21-35 жас аралығындағы қоғамдық белсенді этнос жастары мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлестері, білім, мәдениет, спорт саласындағы жетістіктері баяндалған бейнеролик ұсынып, берілген тақырыпта ой толғады және «Менің тәуелсіз Қазақстаным» тақырыбында эссе жазды.
Байқауға қатысушылардың тілді меңгеру деңгейін, жауаптарының мазмұндылығы мен ерекшелігін, қазақ тілінде таза сөйлеуін бағалаған білікті әділқазылардың шешімімен Ирубаева Анастасия (Ақмола облысы) Бас жүлдені иеленді.
І орынға Адиханбаева Муаттар (Түркістан облысы), ІІ орынға Абдухамидова Хурматой (Шымкент қаласы) лайық деп танылды.
Ал Потанин Андрей (Нұр-Сұлтан қаласы) мен Чеченева Ирина (Атырау облысы) ІІІ-орынды теңдей бөлісті.
Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының үміттерін арқалаған Дураченко Галина мен Ибрагимова Равана ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға бағытталған шаралар кешені одан әрі жалғаса беретін болады.

Тіл саясатын іске асыру
10 ноября 2021
"ТІЛ ШЕБЕРІ" БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен 2021 жылғы 9 қарашада үш тілді (қазақ, орыс, ағылшын) жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері» республикалық байқауы өтті.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясы мен мәртебесін кеңейту, үш тілді жетік меңгерген мемлекеттік қызметшілерді қолдау, тіл мәдениетін көтеру мақсатында өткізілген байқауға орталық атқарушы органдардан мемлекеттік қызметшілер қатысып, өзара сайысқа түсті.
Қазылар алқасы мүшелерінің шешімі бойынша Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметіндегі Бас прокурордың аға көмекшісі Айтмаганбетов Дархан Дүйсенбекұлы Бас жүлде иегері атанды.
І орынды Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінен басқарма басшысы Ермұхан Асқар;
ІІ орынды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Экономика, қаржы және сауда саласындағы жобаларды сараптау басқармасының бас сарапшысы Әділханов Алмаз Әділханұлы;
ІІ орынды Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс басқармасының бас сарапшысы Уәли Еламан Сайлаубайұлы;
ІІІ орынды Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Заң қызметі департаменті Құқықтық қамсыздандыру және наразылық-талап жұмыстар басқармасының сарапшысы Өмірзақова Диана Ахметқызы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі қызметкері Садықов Құмар Ерсайынұлы, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің бас сарапшысы Игіман Қуаныш Жомартұлы қанжығаларына байлады.
Қалған қатысушылар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының алғысхатымен марапатталды.

Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Мемлекеттік рәміздері
ҚР Премьер-Министрінің сайты
ҚР Президентінің сайты
Терминдер мен қысқартулар
Тұрақты даму мақсаттары
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы