Өңірде мемлекеттік меншікке жататын жер учаскелерін өз бетінше немесе тиісті талаптарға сай емес пайдалану фактілері анықталып, тоқтатылды.
Сауран ауданы әкімдігінің материалдары негізінде Түркістан облысының Жер ресурстарын басқару департаменті ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің тапсырмасымен тексеру жүргізіп, нәтижесінде көптеген заңбұзушылықтар анықталды.
Әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылып, 127 жеке тұлғаға жалпы сомасы 21,2 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айта кету керек, пайдаланылмай жатқан немесе заң бұзушылықпен пайдаланылып жатқан жер учаскелерін анықтау мен есепке алу жұмыстарын уәкілетті аудандық және қалалық органдар, соның ішінде оларға әкімшілік басқаруға берілген аумақтарда да жүргізуде.
Қабылданған шаралар мемлекеттік меншікті қорғауға, жер пайдалану саласындағы құқықтық тәртіпті нығайтуға және жер заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Жер ресурстарын басқару комитеті жерді ұтымды пайдалану мен заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жер мониторингі мен бақылау жұмыстарын жалғастыруда.