
Астана қаласы Полиция басқармасының өтініші негізінде Астана қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті мемлекеттік жерді өз бетінше иелену фактісі бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді.
Тексеру барысында 0,0106 га жер учаскесі заңды негіздерсіз пайдаланылып, Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағы бұзылғаны анықталды.
Құқық бұзушыға 75 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынып, бір ай ішінде заң бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.
Алайда көрсетілген мерзімде нұсқама орындалмағандықтан, жергілікті атқарушы орган сотқа талап арыз берді.
Нәтижесінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты заңсыз орнатылған уақытша құрылыс нысанын мәжбүрлі түрде бұзу туралы қаулы шығарды.
2025 жылғы 10 қаңтарда сот шешімі негізінде өз бетінше орнатылған құрылыс алынып тасталды.
Мемлекеттік органдар жер заңнамасының сақталуын бақылауды жалғастырып, азаматтар мен кәсіпкерлерді белгіленген нормаларды қатаң сақтауға шақырады. Өз бетінше жер учаскесін иелену тек айыппұлмен ғана шектелмей, сот шешімімен нысанның бұзылуына әкелуі мүмкін екенін ескертеді.