Е. Қарашөкеев: Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмысы жалғасып жатыр

Е. Қарашөкеев: Пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару жұмысы жалғасып жатыр

Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің шамамен 75% немесе 205,4 млн га цифрландырылып, картада көрсетілген. Цифрлық карта 2024 жылға қарай қолжетімді болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі мәлімдеді. Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ауыл шаруашылығының цифрлық картасы ауыл шаруашылығы алқаптарының барлық түрлерін, контурлар, жол желісі, гидрография, инфрақұрылым объектілері туралы мәліметтерді, сондай-ақ алаңдардағы жемшөп сыйымдылығы туралы ақпаратты қамтитын болады.

Ауыл тұрғындарын жайылыммен қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы айта келе, министр бүгінгі күні жеке қосалқы шаруашылықтарға мал жаю үшін қосымша 8,9 млн га қажет екенін еске салды. Бұл соңғы онжылдықта ауылшаруашылығы жануарлары санының шамамен 8%-ға өсуіне байланысты туындаған қажеттілік. Әсіресе Түркістан, Қызылорда, Алматы және Атырау облыстарында жайылымдық жерлердің тапшылығы байқалады.

Былтыр мемлекетке 5,2 миллион гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды, тиісті шаралар қабылданғаннан кейін жер пайдаланушылар 1,85 миллионн гектар алаңды игеруге кірісті. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп. Осы жұмыстың маңызды аспектісі Мемлекет басшысының 2022 жылғы 9 тамыздағы жер қатынастары саласындағы тексерулерге мораторийді алып тастауы, сондай-ақ жерлерді пайдалану мен қорғау жөніндегі мемлекеттік бақылауды жетілдірудегі жұмыстар екенін атап өту керек. Министрлік 2023 жылдың соңына дейін қосымша 5 миллион гектар игерілмеген жерді қайтару жұмысына кірісті.

«Министрлік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы - jerkarta.gharysh.kz геосервисін әзірлеп, іске қосты. Бұл мемлекет пайдасына қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы. Портал  азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті әкімдіктерге өтініш берулеріне бағдар болады, сондай-ақ жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарды қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болады. Сонымен қатар интерактивті картаны енгізу  белгілі дәрежеде адами факторды жояды және жер қатынастары саласындағы заңсыз мәмілелер деңгейін төмендетеді», - деді министр.

Сонымен бірге Ербол Қарашөкеев жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушылардың оған  немқұрайлы қарайтынына назар аударды. Бүгінде немқұрайлықтарынан эрозияға ұшыраған және эрозиялық-қауіпті ауыл шаруашылығы жерлерінің алаңы 90 миллион гектардан асады, оның 29,3 миллион одан әрі пайдалануға жарамсыз. Осыған байланысты,  алқаптардың үстірт және түбегейлі жақсаруы, жайылым айналымы ережелерін сақтау, әсіресе елді мекендердің маңындағы жемшөп алқаптарын арттыру есебінен жерлердің тозыуын болдырмау үшін шараларды қабылдау жоспарланып отыр.

«Жергілікті атқарушы органдар ауыл тұрғындарын жайылымдық жерлерді басқару процесіне тартуға, оларды кооперативтерге біріктіруге, жергілікті бюджет қаражаты есебінен осындай бірлестіктерге мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуге ерекше назар аударуы қажет», - деп қосты ведомство басшысы.

Министр жергілікті әкімдіктерді бұл жұмысқа белсенді қатысуға шақырды. Жалпы Ауыл шаруашылығы министрлігі халық үшін жайылымдардың қолжетімділігі жөніндегі мәселелерді ерекше бақылауда ұстап отыр.