Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтау

Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтау

Сіздерді Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Арайлы азаттығымыздың кепілі – Мемлекеттік рәміздер дүниеге келіп, Елбасының Жарлығымен 4 маусым күні мемлекеттік маңызы бар айтулы даталар қатарына қосылды. Бұл күн – ақталған үміт күні болып біздің егемен Қазақстан тарихының төрінен орын алды.

Бүгінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран – қиырда жүрген әр қазақ мақтан тұтатын, халқымыздың береке-бірлігін арттыра түсетін бойтұмарға айналды. Рәміздеріміз арқылы дөңгеленген дүниеге біз үшін тыныштық пен түсіністік, ізгілік пен татулықтан асқан қымбат ұғым жоқ екенін жеткізіп келеміз.

Көк байрақ кемесін алысқа бағыттап бара жатқан жас мемлекетіміздің ниет-тiлегiнiң тазалығын көрсетеді. Нұрын шашқан алтын күн өмірді, уақытты, бейбітшілік пен байлықты бейнелейді. Қанатын кеңге жайған қыран құс халқымыздың айбарын, еркiндiк сүйгiш асқақ рухын, жан-дүниесiнiң кеңдiгiн паш етедi.

Елтаңба ортасындағы шаңырақ отанның бастауы отбасы екенін айғақтаса, қанатты пырақтар ғасырлар бойғы жасымас жiгердiң, талмас талаптың, тәуелсiздігін аңсап, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесi. Төрдегі алтын түстес бес бұрышты жұлдыз бен уықтар Ұлық Ұлыстың мұрагері Қазақстанға жол нұсқап тұр.

Айбарлы Әнұран оң қолымыздың алақанын жүрек тұсына қойып шырқағанда елдік жолындағы ерлікті, бабалар аманаты мен Мәңгілік ел болуға белін бекем буған буынның үнін сезіндіретін қастерлі жыр.

Біз – қазақстандықтармыз және мұны зор мақтанышпен айтамыз. Қазақстан мемлекетін құру, қазақстандық болу – бізге тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Біз оны әрдайым зор мақтаныш сезіммен ұрпақтан ұрпаққа табыстайтын боламыз. Ендеше әрдайым бар болайық, бір болайық, ата-баба армандаған азат елімізбен жарқын болашаққа бірге барайық.

Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін!

Әрдайым еліміз тыныш, халқымыз аман, туымыздың мәртебесі биік болсын! Рәміздер күні құтты да, берекелі болып, ел бірлігі жасай берсін!

 

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару

комитетінің төрағасы

Мұрат Теміржанов