
Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Жер ресурстарын басқару департаменті ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету және пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Жоспардан тыс тексеру барысында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің біріне тиесілі Шалқар ауданында орналасқан жалпы ауданы 36 600 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімінің ұзақ уақыт бойы нысаналы мақсатына сай пайдаланылмағаны анықталды.
Заң бұзушылықтарды жою мақсатында жер телімінің иесіне жер заңнамасы талаптарын орындау туралы нұсқама берілді. Алайда белгіленген мерзімде нұсқама талаптары орындалмады.
Осыған байланысты Департамент ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арызбен Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінді.
Сот талқылауының қорытындысы бойынша талап-арыз толық көлемде қанағаттандырылды. Сот шешімі негізінде аталған жер учаскесі мәжбүрлеп алынып, мемлекет меншігіне қайтарылды.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау және оларды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда.