Қарағанды облысында жердің мемлекеттік меншік құқығын бұзудың 59 фактісі анықталды

Қарағанды облысында жердің мемлекеттік меншік құқығын бұзудың 59 фактісі анықталды

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Қарағанды облысы бойынша жер ресурстарын басқару департаменті мемлекеттік меншікке жататын жерлерге қатысты құқықбұзушылықтарды анықтау және олардың жолын кесу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.

ҚР Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағына сәйкес, жер учаскесінің шекаралары жергілікті жерде белгіленбей және құқық белгілейтін құжаттарсыз пайдаланылуы — жер учаскесін өз бетінше иелену болып саналады. Бұл әрекет ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 136-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.

2025 жылдың басынан бері Қарағанды облысының аумағында жалпы ауданы 5,53 гектар болатын мемлекеттік меншік жерлерін заңсыз пайдалану бойынша 59 құқықбұзушылық фактісі тіркелді.

Өткізілген тексерулер нәтижесінде кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 11,7 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, өндірілді.

Жер учаскелерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес пайдалану тұрақты бақылауда. Бұл ретте спутниктік мониторинг пен өзге де цифрлық бақылау құралдары кеңінен қолданылады.

ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті жер заңнамасын сақтау — әрбір жер пайдаланушының міндеті екенін еске салады. Жерді өз бетінше иелену — ауыр құқықбұзушылық болып табылады және ол әкімшілік шараларға, соның ішінде жер учаскесін мәжбүрлі түрде алып қоюға дейін әкелуі мүмкін.