Үкімет отырысы барысында Премьер-министр пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару жөніндегі жұмыстарға тоқталды. Мұндағы шешімдер, сондай-ақ, жемшөп базасын қалыптастыруға да бағытталып отыр.
«Тұрақты мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында биыл жем-шөп дақылдарының егіс алқабы 3,3 миллион гектарға дейін ұлғайды.
Сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару шараларының арқасында 2022 жылдан бастап 11 миллион гектар жайылымдық алқап кері қайтарылды. Оның көп бөлігі халыққа қайта бөлініп берілді», — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, Премьер-министр еліміздің мал шаруашылығы саласының ішкі әлеуеті зор екенін атап өтті. Мал басын көбейту жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігіне назар аудартты. Оларды заңсыз әкетуге жол бермеу және аналық малды субсидиялауды қолдау маңызды екенін айтты, бұл өз кезегінде өнімнің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.