Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Алматы қаласында ірі логистикалық орталық салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырып жатқан Wildberries компаниясының құқығын қорғады. Жедел ден қоюдың арқасында инвесторды негізсіз қылмыстық процеске тартуға жол берілмей, жобаны іске асыруға төнген тәуекелдер жойылды.
Инвестор Комитетке салынып жатқан нысан аумағында тінту жүргізіп, техникаға мөр басылғаны туралы өтінішпен жүгінді. Бұл жағдай инвестициялық жобаның одан әрі іске асырылуына қауіп төндірген.
Комитеттің тапсырмасы бойынша Алматы қаласының прокуратурасы қылмыстық істі тіркеудің және қабылданған процестік шешімдердің заңдылығына жан-жақты тексеру жүргізді.
Тексеру барысында құрылыс жұмыстарын орындау кезінде мердігер мен қосалқы мердігер арасында туындаған даудың тек азаматтық-құқықтық сипатта болғаны анықталды. Қылмыстық қудалауға негіз болмаған.
«Комитеттің үйлестіруімен Алматы прокуратурасының жедел араласуының арқасында сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында инвестордың құқығын қорғап, жобаның іске асырылуына одан әрі кері әсер етуге жол бермедік. 2026 жылғы 2 қыркүйекте қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Сонымен қатар, кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілді», – деп атап өтті Комитет прокуроры Рауан Әлмішев.
Комитет өкілінің айтуынша, қылмыстық-процестік сипаттағы шараларды бизнеске қысым көрсету құралы ретінде қолдануға немесе инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіруге жол берілмейді.
Инвесторларды сүйемелдеу және олардың қызметіне негізсіз араласу фактілеріне жедел ден қою жұмыстары жалғасады. Мұндай әрбір жағдай Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің ерекше бақылауында.