Инвесторларды қорғау мақсатында прокуратураның жаңа өкілеттіктері: Президент бірқатар заңға қол қойды

Инвесторларды қорғау мақсатында прокуратураның жаңа өкілеттіктері: Президент бірқатар заңға қол қойды

Мемлекет басшысы инвесторлардың құқығын қорғауды күшейтуге және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңнамалық түзетулерге қол қойды.

Заң Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №1125 «Инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы» Жарлығын іске асыру мақсатында әзірленді.

Негізгі жаңашылдықтың бірі – инвесторларды қорғаудың жаңа институционалдық моделін бекіту. Оған сәйкес Инвестициялық омбудсменнің функциялары Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына беріледі.

Инвестициялық омбудсмен қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитеті жүзеге асырады.

Өңірлерде инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді және инвесторлардың өтініштерін қарауды инвестициялық прокурорлар жалғастырып, жобаларды іске қосу барысында туындайтын мәселелерді жедел шешуді және әкімшілік кедергілерді жоюды қамтамасыз етеді.

Комитет басқармасының бастығы Гүлнара Қасқарбаеваның айтуынша, қабылданған түзетулер прокуратура органдарының инвесторларды қорғау саласындағы өкілеттіктерін едәуір кеңейтеді. Енді прокурорлар орындауға міндетті нұсқамалар енгізуге, инвесторлардың мүддесі үшін сотқа жүгінуге құқылы болады. Ең бастысы – инвесторлар мен мемлекеттік органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері арасындағы дауларды сотқа дейін реттеу алаңы құрылуда.

«Сонымен қатар инвесторларға қатысты негізсіз шешімдердің алдын алуда өзінің тиімділігін дәлелдеген «прокурорлық сүзгі» тетігі кеңейтіледі. Енді прокурормен міндетті келісуге тек инвесторларға қатысты берілетін талап-арыздар мен мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдер ғана емес, сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шешімдері, оның ішінде келісімшарттар мен келісімдердің мерзімін ұзартудан бас тарту туралы шешімдері де жатады», – деді басқарма бастығы.

Прокурорлардың нұсқаулары мен талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылық белгіленеді.

Қабылданған өзгерістер бизнес құқығын қорғау кепілдіктерін одан әрі нығайтуға, елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және инвесторлар үшін неғұрлым болжамды әрі қауіпсіз орта құруға бағытталған.

«Инвестициялық омбудсмен функцияларының Бас Прокурорға берілуі және прокуратура органдары өкілеттіктерінің кеңеюі Қазақстандағы инвесторларды қорғау жүйесін сапалы жаңа деңгейге шығарады. Мемлекет инвесторларға берілетін кепілдіктерді күшейтіп, оларды мемлекеттік органдардың негізсіз араласуынан қорғаудың және әкімшілік кедергілерді жоюдың қосымша тетіктерін қалыптастырады», – деп атап өтті басқарма бастығы.