Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу форумы: Шымкентте инвесторлардың құқығын қорғау мен мүмкіндіктері талқыланды

Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу форумы: Шымкентте инвесторлардың құқығын қорғау мен мүмкіндіктері талқыланды

Шымкентте мемлекеттік органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және бизнес-қоғамдастық өкілдерінің басын қосқан «Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу мәселелері» форумы өтті.

Жиын барысында инвесторлардың құқығын қорғау, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктері, сондай-ақ инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда әкімшілік кедергілерді жою шаралары талқыланды. Қатысушылар ашық диалог форматында өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдарын қарастырды.

Бас прокуратура Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералының айтуынша, бүгінде Комитет жалпы құны 110 трлн теңгені құрайтын 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдейді.

«Тек осы жылдың басынан бері прокуратура органдары инвесторлардың 450-ден астам мәселесін шешті. Әрбір инвестициялық жобаға прокурор бекітілген. Оның негізгі міндеті – мәселе туындамай тұрып, әкімшілік кедергілер мен құқықтық тәуекелдердің алдын алу, осылайша жобаның тұрақты жүзеге асырылуын қамтамасыз ету», – деп атап өтті Бауыржан Ералы.

Комитет төрағасының сөзінше, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде биыл 1500 инвестордың құқығы қорғалды. Прокурорлар жалпы құны 26 трлн теңгені құрайтын инвестициялық жобаларды сүйемелдейді.

Сонымен қатар форумда Шымкент қаласының инвестициялық әлеуеті жоғары екені аталды. Қазір шаһарда жалпы сомасы 4,3 трлн теңгені құрайтын 158 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалар шамамен 30 мың адамды жұмыспен қамтиды деп күтілуде.

Бұл ретте инвесторларды қорғау – тұрақты экономикалық өсімнің негізгі факторының бірі. Жыл басынан бері жергілікті прокурорлар 103 инвестордың мәселесін шешуге көмектесті. Бұл жобаларды іске асыруда әкімшілік және құқықтық кедергілерді уақытылы жоюға септігін тигізді.

Форум қорытындысы бойынша қала әкімдігі, прокуратура және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының арасында үшжақты меморандумға қол қойылды. Құжат мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылың одан әрі нығайтуға, өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.