Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Ақтөбеде бизнес өкілдерін қабылдады

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Ақтөбеде бизнес өкілдерін қабылдады

Ақтөбе облысының прокуратурасында Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Арман Хасенов пен Ақтөбе облысы прокурорының орынбасары Айбек Тағибергеннің қатысуымен инвесторлар қауымдастығы өкілдеріне жеке қабылдау өткізді.

Кездесуге «ТҰК «Қазхром» АҚ, «Aktobe Steklo» ЖШС, «Ақтөбе Хьюмик» ЖШС және «Sistem Lojistik KZ Ltd» ЖК өкілдері қатысты.

Қабылдау барысында инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде туындайтын өзекті мәселелер, оның ішінде пайдалы қазбаларды өндіруге берілген лицензияны кері қайтарып алу, шахтада газ режимін белгілеу, сондай-ақ инвестициялық келісімдер жасасу мәселелері талқыланды. Әрбір өтініш бойынша мәселені шешудің ықтимал тетіктері қарастырылып, одан әрі әрекет ету шаралары айқындалды.

Кездесу қорытындысы бойынша көтерілген барлық мәселелер инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі шараларды әзірлеу және жан-жақты қарау үшін прокуратура органдарының өндірісіне қабылданды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті тұрақты негізде инвесторлармен көшпелі кездесулер мен жеке қабылдаулар өткізеді. Мұндай жұмыс форматы бизнес өкілдерінің проблемалық мәселелерін жедел анықтауға, инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы тікелей диалогты қамтамасыз етуге, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді жою және инвесторлардың заңды құқықтарын қорғау бойынша уақтылы шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.