Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құны 25 млрд теңге болатын Pfizer жобасының жалғасуына көмектесті

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құны 25 млрд теңге болатын Pfizer жобасының жалғасуына көмектесті

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті «Пфайзер Қазақстан» ЖШС инвестициялық жобасын іске асыру барысында туындаған құқықтық кедергілерді жойып, инвестордың құқығын қорғады.

«Пфайзер Қазақстан» ЖШС – халықаралық Pfizer фармацевтикалық компаниясының бөлімшесі және Алматы облысында биотехнологиялық препараттарды келісімшарт негізінде өндіру жобасын жүзеге асырып жатыр. Жобаға 25 млрд теңге инвестиция тартылып, 40 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Елімізде осы саладағы заңнамаға енгізілген өзгерістерден кейін келісімшарт негізіндегі өндіріс локализацияның рұқсат етілген модельдері тізімінен алынып тасталды. Бұл мемлекет бұрын қабылдаған инвестициялық міндеттемелерге қайшы келіп, жобаның әрі қарай жүзеге асырылуына қауіп төндірді.

Инвестордың өтініші негізінде Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мәселені уәкілетті мемлекеттік органдардың қарауына бастамашылық етті. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп салалық қағидаларға тиісті өзгерістер енгізді.

Қабылданған шаралар келісімшарт негізіндегі өндірісті локализацияның рұқсат етілген тетіктерінің қатарында сақтап қалуға және инвестициялық жобаны Қазақстан аумағында одан әрі іске асыруға мүмкіндік берді.

Осылайша, инвестордың құқығы қорғалып, мемлекет тарапынан бұрын берілген кепілдіктер қажетті нормативтік қамтамасыз етумен бекітілді.