Комитет инвестордың құқығын қорғап, 40 млн доллардың жобалары жалғасты

Комитет инвестордың құқығын қорғап, 40 млн доллардың жобалары жалғасты

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті шетелдік инвестордың жалпы сомасы 40 млн доллардан асатын жобаларын жалғастыруға көмектесті.

Комитет елімізде жер қойнауын пайдалану саласында жобаларды іске асырып жатқан MQ EMIRATES GROUP Ltd. компаниясын сүйемелдеді. Компания төрт қатты пайдалы қазбалар кен орны бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын алуға арналған аукционда жеңімпаз атанып, бюджетке 900 млн теңгеден астам бастапқы бонус төлеген. Инвестициясының жалпы көлемі 40 млн доллардан асады.

Инвестор Комитетке уәкілетті мемлекеттік органның қажетті құжаттарды тапсыру мерзімін ұзартудан бас тартуына байланысты жүгінді. Өтінішті қарау барысында құжаттардың едәуір бөлігі дайын екені анықталды: компания төрт өңірде қоғамдық тыңдаулар өткізіп, «Солтүстік Көптас» кен орны бойынша оң экологиялық қорытынды алған.

Өтінішті қарау қорытындысы бойынша мемлекеттік орган экологиялық рұқсаттарды ұсыну мерзімін бір жылға ұзартты. Қабылданған шешім инвестициялық жобаларды жалғастыруға және Қазақстандағы шетелдік инвестицияларды сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Құқығы бұзылып, әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларға 115 Call-орталығына жүгіну ұсынылады.