Комитетте Пәкістанның Гуджрат қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының делегациясымен кездесу өтті

Комитетте Пәкістанның Гуджрат қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының делегациясымен кездесу өтті

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінде Пәкістан Ислам Республикасының Гуджрат қаласы Сауда-экономикалық палатасының делегациясымен (Gujrat Chamber of Commerce and Industry) кездесу өтті. Делегация өкілдері Қазақстанды инвестиция салу үшін әлеуетті бағыт ретінде қарастырады.

Шетелдік делегация сапарының мақсаты – іскерлік байланыс орнату, екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау, сондай-ақ Қазақстанның инвесторлардың құқығын қорғау және инвестициялық ахуалды жақсарту саласындағы тәжірибесін зерделеу.

Кездесуде Комитет өкілдері пәкістандық тарапты өз қызметінің негізгі бағыттарымен, инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерімен, сондай-ақ туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында мемлекеттік органдар және бизнес-қоғамдастықпен өзара іс-қимыл жасау құралдарын таныстырды.

Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру және шетелдік инвесторлардың сенімін нығайту, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударылды.

Гуджрат қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдері қазақстандық ұйымдармен серіктестік байланыстарды дамытуға қызығушылық білдіріп, кәсіпкерлікті қолдау және инвестиция тарту саласындағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.