Қызылорда облысында Invest Caravan жобасы аясында жалпы құны 104,1 млрд теңгені құрайтын екі ірі өнеркәсіптік нысанның құрылысына капсула салу рәсімі өтті.
Іс-шараға облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен өңір әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.
Рәсім барысында испаниялық инвестор «Рока Қазақстан» ЖШС-нің санитарлық-техникалық жабдықтар өндіру жобасы мен отандық «Seven Rivers Technologies» ЖШС-нің неміс технологияларын қолдану арқылы шыны ыдыстар өндіретін зауыт салу жобасының құрылысы бастау алды.
Кәсіпорындарды пайдалануға беру 2028 жылға жоспарланған. Жобаларды іске асыру нәтижесінде өңір тұрғындары үшін 650 жаңа жұмысорны құрылады деп күтілуде.
Аталған жобалар инвесторларды қолдауға, туындайтын мәселелерді жедел шешуге және қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға бағытталған Invest Caravan бастамасы аясында сүйемелденуде.
Жаңа өндіріс орындарының іске асырылуы Қызылорда облысының өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам болмақ.
Invest Caravan форматы аясындағы жұмыс жалғасады. Алдағы уақытта бизнес пен инвестициялық жобалардың дамуына кедергі келтіретін проблемалық мәселелерді нысаналы түрде қарау мақсатында облыс аудандарына шығу жоспарланып отыр.
Қызылорда облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған немесе құқықтары бұзылған инвесторларды келесі телефондар арқылы: 8-700-156-11-66, 27-77-47 немесе 115 Call-орталығына дереу хабарласуға шақырады.