Британиялық бизнес Қазақстанда инвесторлар құқығын қорғау жүйесімен тікелей байланыс орнатты

Британиялық бизнес Қазақстанда инвесторлар құқығын қорғау жүйесімен тікелей байланыс орнатты

Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мен Ұлыбританияның Сауда палатасы ынтымақтастық орнатты.

Алматыда Бас Прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мен Қазақстандағы Ұлыбританияның Сауда палатасы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ынтымақтастықтың жаңа форматы британиялық бизнес пен прокуратура органдары арасында тікелей байланыс арнасын құрып, инвесторлардың мәселелерін жедел шешуге және әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді.

Құжатқа Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Азамат Дүйсембеков пен Қазақстандағы Ұлыбританияның Сауда палатасы төрағасының орынбасары Динара Танашева қол қойды. Кездесуге халықаралық бизнес қауымдастық өкілдері мен Палата мүшелері қатысты.

Азамат Дүйсембеков инвесторлардың құқығын қорғау прокуратура органдары жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елде бизнесті сүйемелдеу және инвесторлардың құқығын қорғау тетіктері күшейтіліп жатыр.

«Меморандумға қол қою британиялық бизнеспен тұрақты әрі тікелей коммуникация арнасын құрады. Бұл инвесторлардың өтініштеріне жедел әрекет етіп, әкімшілік кедергілерді азайтуға мүмкіндік береді. Біз кінәлілерді іздеуге емес, нақты нәтижеге –  жаңа жобаларды іске қосу мен жұмыс орындарын ашуға басымдық береміз», – деді Азамат Дүйсембеков.

Динара Танашеваның айтуынша, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің құрылуы және Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен функцияларының берілуі халықаралық бизнестің Қазақстанға деген сенімін нығайтқан маңызды қадам болды.

«Бұл инвесторлардың құқығын қорғау кепілдіктерін күшейтіп, Қазақстанның шетелдік компаниялар үшін ашық әрі түсінікті жұмыс шарттарын қалыптастыруға дайын екенін көрсетеді», – деп атап өтті ол.

Кездесу барысында бизнес өкілдері өз мәселелері бойынша Комитетке тікелей жүгінді. Кейбір өтініш сол алаңда бірден жұмысқа қабылданды.

Қатысушыларға Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің негізгі қызмет бағыттары таныстырылып, халықаралық бизнес қауымдастығымен алдағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.