
2026 жылғы 5 мамырда облыс прокуроры Нұрбек Ұласбекұлының төрағалығымен инвесторлармен өзара іс-қимылды нығайтуға және олардың құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған өңірлік инвестициялық форум өткізілді.
Форум жұмысына облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Азамат Дүйсембеков, Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андақов, Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Жақыбаев, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей және Қазақстан компанияларының өкілдері қатысты.
Кездесуді аша отырып, облыс прокуроры Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары инвестициялық жобаларды іске асыру барысында инвесторларға жүйелі түрде құқықтық қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.
Форум барысында инвесторлардың құқықтарын қорғау, әкімшілік кедергілерді жою және мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Бизнес-қоғамдастықпен ыңғайлы әрі жедел өзара іс-қимыл жасау мақсатында прокуратура тарапынан «Мобильді прокурор» қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымша арқылы инвесторлар мен кәсіпкерлер жобаларды құқықтық сүйемелдеу аясында туындаған мәселелер бойынша облыс прокуратурасына тікелей жүгініп, жедел шешім ала алады.
Форум соңында қалдықтарды қайта өңдеу, логистика, энергетика, туризм және фармацевтика салаларында жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Бұл өңір экономикасын дамытудағы маңызды қадам болды.