Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Ақмола облысында экотуризм саласында халықаралық жобаны іске асырып жатқан компаниядан 16 мың гектар жерді алып қоюдың алдын алды.
Жоба аясында Қазақстанға бизондар әкелінді, сондай-ақ Қызыл кітапқа енген Пржевальский жылқыларының популяциясын қалпына келтіру және асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамыту жоспарланған.
Бұған дейін Ақмола облысының Жер ресурстарын басқару департаменті жер телімін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланбады деген уәжбен және оны қайтару туралы талаппен сотқа жүгінген. Бірінші сатыдағы сот талап арызды қанағаттандырған.
Қадағалау органы заң бұзушылықтар формальды сипатта болғанын және оларды мұндай қатаң шараларсыз-ақ жоюға болатынын анықтаған. Прокуратура ықпал ету шаралары заң бұзушылықтың ауырлығына сәйкес келуі тиіс деген пропорционалдылық принципін ескере отырып, инвесторды қолдады.
Прокурорлардың араласуынан кейін Департамент талап арыздан бас тартты. Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың шешімін жойды.
Инвесторға жобаны іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік берілді. Жер телімдері ғана емес, сонымен қатар өңірдің дамуына серпін беретін ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін қажетті жағдайлар сақталып қалды.
Комитет әкімшілік кедергілерге немесе құқықтарының бұзылуына тап болған инвесторларды дереу 115 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласуға шақырады.
Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті