
Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында инвесторлардың құқықтарын қорғау және қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр.
Қарағанды және Түркістан облыстарында прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 51,5 млрд теңгеден астам инвестициялық жобалар іске қосылды, бұл 336 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Мәселен, Қарағанды облысында фронт-офистің көмегімен жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт іске қосылды. Инвестиция көлемі 50 млрд теңгеден асып, 186 жұмыс орны құрылды. Жоба газ тарату желілеріне қосылу және газ жеткізуге шарт жасасу кезіндегі кедергілер жойылғаннан кейін жүзеге асырылды.
Түркістан облысының Ленгер қаласында арнайы киім тігу жобасын іске асырып жатқан инвестордың құқықтары қорғалды. Жобаның құны — 1,5 млрд теңге, мұнда 150 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге 7,3 млн теңге бөлінген болатын. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша мердігер заң бұзушылықтарды жойып, нысан байланыс жүйесіне толық қосылды.
Комитет инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу ведомство қызметінің негізгі басымдықтары болып қала беретінін атап өтеді. Әкімшілік кедергілерге немесе құқықтарының бұзылуына тап болған инвесторлар Бас прокуратураның 115 нөмірі бойынша Call-орталығына жедел хабарласа алады.
Қазақстанның барлық өңірінде Комитеттің үйлестіруімен инвесторларды сүйемелдейтін және әкімшілік кедергілерді жедел жоятын фронт-офистер жұмыс істейді. Тәжірибеде «прокурорлық сүзгі» тетігі қолданылады, ал инвестициялық жобаларды 24/7 режимінде тәулік бойы құқықтық сүйемелдеу қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті