

***
Юрий Александрович Хитрин 1946 жылғы 24 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Жоғары заңгерлік білімі бар, 1970 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Юрий Александрович еңбек жолын 1964 жылы «Алма-Ата» жиһаз фабрикасында станокшы болып бастады. Еңбек жолының алғашқы күндерінен-ақ өзін жауапкершілігі жоғары, ұқыпты және өз ісінің қыр-сырын меңгеруге ұмтылатын қызметкер ретінде танытты. 1968 жылы оны жауапты қызметке – Алматы қаласы Ленин аудандық комсомол комитетінің бөлім меңгерушісі қызметіне нұсқаушы ретінде жіберді. Жас комсомол қызметкері 1969 жылға дейін мемлекет игілігі жолында еңбек етіп, сауатты идеолог әрі білікті ұйымдастырушы ретінде танылды.
Юрий Александрович прокуратура органдарындағы қызметін 1969 жылғы наурызда Алматы қаласы Калинин ауданы прокуратурасының тергеушісі қызметінен бастады. Қызметтік саты бойынша біртіндеп жоғарылай отырып, әр кезеңде Калинин ауданының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, Алматы қаласы прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы, Қазақ КСР прокуратурасы Тергеу басқармасы бастығының орынбасары, Целиноград облысының прокуроры, КСРО Прокуратурасының еңбекпен түзеу колонияларында заңдардың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы, сондай-ақ Қазақ КСР Бас прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
Өзінің жоғары білімімен, мемлекет заңдарының сақталуына қатаң талап қоя білуімен және олардың тиісті әрі мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз етуімен Юрий Александрович әріптестері арасында лайықты беделге ие болды. 1987–1993 жылдары БҰҰ-ның Азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне қарсы комитетінің мүшесі болып сайланды.
1990 жылғы шілдеде ол Қазақ КСР-інің мемлекеттік-құқықтық мәселелер жөніндегі Мемлекеттік кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл қызметте бірыңғай құқықтық саясатты қалыптастыру, жұмылдыру дайындығы мәселелеріне жетекшілік етті, Президенттің жарлықтары мен қаулыларын, заң жобаларын әзірлеуді басқарды, соттардың, прокуратура органдарының, Ішкі істер министрлігінің, Әділет министрлігінің, Мемлекеттік қорғаныс комитетінің және Кеден комитетінің қызметін үйлестірді.
1991–1993 жылдары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы Конституциялық құрылысты қорғау комитетінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Жоғары тәртіптік кеңесінің мүшесі болды.
1992 жылғы шілдеде Юрий Александрович әскери қызметке шақырылып, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары – Қазақстан Республикасының Әскери прокуроры болып тағайындалды. Бұл қызметте 1996 жылғы маусымға дейін еңбек етті. Кейін Бас әскери прокурор қызметіне тағайындалды.
Ал 1997 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Бас прокуроры болып тағайындалды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесінің мүшесі болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 21 желтоқсандағы Жарлығымен Юрий Александрович Хитрин Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы болып тағайындалды.
Әскери прокуратура органдарындағы қызметі кезінде Қазақстан Республикасының Бас прокурорының 1993 жылғы 27 қаңтардағы №3/6 бұйрығымен Юрий Александрович Хитрин «Қазақстан прокуратурасының Құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Әділет мемлекеттік кеңесшісі, 2-сыныпты генерал-лейтенант Юрий Александрович Хитрин 2004 жылғы 18 қазанда қайтыс болды.
Жұбайы – Хитрина Наталья Акимовна.
Ұлы – Хитрин Сергей.
Ұлы – Хитрин Дмитрий.
Отбасы Алматы қаласында Мауленов көшесі, 120-үй, 28-пәтер мекенжайында тұрған. Қазіргі уақытта отбасы Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында тұрады.
***
Қазақстан Республикасының прокуратура органдары тарихында өзіндік орны бар, мемлекеттің қалыптасуы мен нығаюына елеулі үлес қосқан тұлғалардың бірі – Юрий Александрович Хитрин.
Прокуратура органдарында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, жоғары лауазымдарды абыроймен атқарған заң саласының маманы бүкіл саналы ғұмырын заң үстемдігі мен әділеттілікті орнықтыру жолындағы күреске арнады.
Юрий Александрович Хитрин – 1946 жылы 24 тамызда Алматы қаласында дүниеге келіп, оның балалық және жастық шағы соғыстан кейінгі ауыр кезеңге тұспа-тұс келді.
Алайда ол білімге ұмтылып, мамандығын ерте таңдады. Жоғары білімін заң саласы бойынша алып, 1970 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін тәмамдады.
Жоғарғы оқу орнын бітірісімен Ю.А. Хитрин Алматы қаласы Калинин аудандық прокуратурасында тағылымдамадан өтіп, өзіне жүктелген міндеттерді жоғары кәсібилікпен әрі адал атқаруының нәтижесінде көп ұзамай тергеуші лауазымына тағайындалды. Осы қызметте ол қылмыстық істер бойынша тергеу әрекеттерін жүргізіп қана қоймай, құқық бұзушылықтарды анықтау мен олардың жолын кесуге бағытталған іс-шараларға белсенді түрде қатысып, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіне елеулі үлес қосты.
Қызметтік міндеттерін орындау барысында өзінің терең білімділігін, заңдардың сақталуына және олардың дәлме-дәл әрі мүлтіксіз орындалуына деген жоғары талапшылдығын таныта білген Юрий Александрович әріптестері арасында зор құрмет пен шынайы беделге ие болды, ал оның кәсіби қабілеті мен ұйымдастырушылық қасиеттері қызметтік саты бойынша кезең-кезеңімен жоғарылауына негіз қалады.
Осылайша, әр жылдары ол Қазақ КСР прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, Алматы қаласы прокуратурасының тергеу бөлімінің бастығы, Қазақ КСР прокуратурасының тергеу басқармасы бастығының орынбасары, Целиноград облысының прокуроры, КСРО прокуратурасының түзеу-еңбек колонияларында заңдардың сақталуын қадағалау жөніндегі бөлімінің бастығы, сондай-ақ Қазақ КСР прокурорының бірінші орынбасары секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды.
Жинақтаған мол тәжірибесі мен жоғары жауапкершілігінің арқасында Ю.А. Хитрин кейіннен Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары әрі елдің Әскери прокуроры секілді аса жауапты лауазымға тағайындалып, 1992 жылғы шілде айынан бастап аталған қызметте өзін білікті ұйымдастырушы, кәсіби деңгейі жоғары және мемлекет мүддесіне адал қызмет ететін маман ретінде көрсете білді.
Дәл оның басшылығы кезеңінде Қазақстан Республикасының әскери прокуратура органдары іс жүзінде қайта қалыптастырылып, олардың толыққанды қызметін қамтамасыз ету бағытында ауқымды ұйымдастырушылық және тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Осы мақсатта Ю.А. Хитрин республика аумағын түгелге жуық аралап шығып, әрбір әскери прокуратураның қызметімен жеке танысып, туындаған мәселелердің мән-жайына терең үңіле отырып, оларды шешудің тиімді жолдарын айқындауға ерекше назар аударды.
Көрсеткен кәсібилігі мен мемлекет алдындағы еңбегі үшін, соның ішінде Бас әскери прокурор қызметіндегі еңбегі үшін 1997 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Ю.А. Хитринге Бас Прокурор лауазымын сеніп тапсырды. Елдің жоғары қадағалау органын басқара отырып, Юрий Александрович бұл міндеттерді абыроймен атқарды. Мемлекеттің Бас Прокуроры бола отырып, ол бір мезгілде Қазақстан Республикасы Жоғары сот кеңесінің мүшесі болды.
2000 жылғы желтоқсанда ел Президенті Юрий Хитринді жоғары мемлекеттік қызметке – Конституциялық кеңестің төрағасы лауазымына тағайындады. Мемлекет алдындағы зор еңбегі мен елдің дамуына қосқан қомақты үлесі үшін Тәуелсіздіктің 10 жылдығы қарсаңында мемлекет басшысы оны «Парасат» орденімен марапаттады.
Сондай-ақ ол «Прокуратураның құрметті қызметкері» белгісіне ие болды.
Өкінішке орай Юрий Александрович зейнеткерлік демалыста жүрген кезінде 2004 жылы мезгілсіз өмірден өтті.
Оның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында Алматы қаласында өзі тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды.